Серік Сыдықов Орталық сайлау комиссиясының мүшесі қызметінен босатылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенаттың жалпы отырысында ҚР Орталық сайлау комиссиясы мүшесі Серік Сыдықовтың өкілеттігі тоқтатылып, қызметінен босатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Серік Сыдықов Орталық сайлау комиссиясының мүшесі қызметінен босатылды

«Сенат тағайындаған ҚР Орталық сайлау комиссиясы мүшесінің өкілеттігін тоқтату және қызметінен босату туралы мәселе қаралады. Серік Сламжанұлы Сыдықовтың атынан Орталық сайлау комиссиясы мүшесінен босату туралы өтініш келіп түсті. Регламент бойынша бюроның шешімімен бұл мәселені Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті алдын ала талқылап, өз қорытындысын әзірледі», - деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Осы орайда шешім ашық дауыс беру арқылы қабылданып, палата депутаттары бұл шешімге қолдау білдірді.

Еске сала кетейік, 2020 жылы сәуірде ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі қызметіне Серік Сыдықов бекітілген еді.

Серік Сламжанұлы Сыдықов 1962 жылы туған, жоғары заң білімі бар. Өзінің еңбек жолын 1 985 жылы Алматы қаласында «Казгидрорыбпроект» институты кадр бөлімінің аға инспекторы ретінде бастаған.