Серік Жұманғарин бастаған делегация Ауғанстанға гуманитарлық жүк тапсырды

None
Photo: gov.kz
КАБУЛ. ҚазАқпарат – Қазақстандық делегация Президент тапсырмасымен Ауғанстанға гуманитарлық жүк жеткізді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Facebook-те жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақпаратқа сүйенсек, кеше Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда министрі Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегация Ауғанстан астанасы – Кабул қаласына барды. Онда Ауғанстан халқына гуманитарлық көмекті тапсыру салтанатты шарасы өтті. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жасалды.

«Сонымен қатар Кабулда Қазақстан және Ауғанстан кәсіпкерлерінің кездесуі өтті. Арнайы сауда бизнес-форумы ұйымдастырылды. Бизнесмендердің көңіл-күйіне қарағанда өте сәтті болған сияқты. Кәсіпкерлердің болашаққа үлкен жоспарлары бар, жақын арада Ауғанстанда Қазақстанның Сауда үйі ашылады.

БҰҰ Халық қорының бағалауы бойынша Ауғанстан халқы шамамен 40 млн адамды құрайды. Әрине бұл біздің өндірушілер үшін өте тартымды әрі қызық нарық. Тек 2022 жылдың өзінде ауғандармен екіжақты сауда көлемі рекордтық көрсеткішке — 987,9 миллион долларға жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,1 есе жоғары.

Сауданың артуы, ең алдымен, отандық өнім экспортының өсуінің арқасында болған жағдай. Ал биыл Қазақстанда өндірілген тауарларды экспорттау есебінен 1 млрд долларды еңсеру туралы сеніммен айтуға болады», - деп жазды А.Смадияров.

Қазақстан кәсіпкерлері Ауғанстанға негізінен бидай немесе бидай-қара бидай ұны, бидай, кептірілген бұршақ көкөністері, легирленбеген болаттан жасалған жалпақ прокат, теміржол локомотивтері, зығыр тұқымдары мен күнбағыс майын экспорттап отыр.

«Халықаралық қауымдастық Ауғанстандағы экономикалық күйреуге, гуманитарлық дағдарысқа жол бермеу керек деген ортақ түсінікке ие болғандықтан, біз бұл елмен сауда-экономикалық байланыстарды қалпына келтіріп, дамытуымыз керек. Экономикалық ынтымақтастық саласында, Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы, әсіресе Орталық және Оңтүстік Азиядағы интеграциялық үдерістер саласындағы қарым-қатынастарды дамыту векторларының бірі ретінде инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың маңыздылығын атап өткен жөн», - дейді СІМ өкілі.

Айбек Смадияровтың айтуынша, ауғандықтардың дастарханындағы қазақ өнімдері сапа мен тамаша дәмнің белгісі болып саналады. «Шоколадтар, кәмпиттер мен тәттілер ерекше бағаланады. Қазақтың ұнынан жасалған нан туралы айтып та қажеті жоқ, ол барлық үйде дерлік бар», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар