Серікбай Трұмов Үкімет басшысынан газ өңдеу зауытының құрылысын жеделдетуді сұрады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенатор Серікбай Трұмов Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында Жаңаөзенде орналасқан газ өңдеу зауытының қызметіне қатысты түйткілдерді жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Серікбай Трұмов Үкімет басшысынан газ өңдеу зауытының құрылысын жеделдетуді сұрады

Депутаттың айтуынша, зауыт жұмысында елеулі проблемалар бар. Атап айтқанда, магистральдық және кәсіптік газ құбырларын, технологиялық құбырлар мен желдету жүйелерін пайдаланудың нормативтік мерзімі асып кетті.

«Технологиялық жабдықтарды пайдаланудың нормативтік мерзімі 2 есе артты және тозған. Сорғы-компрессорлық жабдық та 97 пайызға тозды және моральдық ескірген», - деді Серікбай Трұмов Сенаттың жалпы отырысында.

Осы орайда сенатор төтенше жағдайлардың туындау қаупі едәуір артқанын атап өтті. Сенатордың ұсынысы – жаңа газ өңдеу зауытын салу жұмыстарын жеделдету.

«Мемлекет басшысы аталған зауыттың еліміз үшін маңыздылығын ескере отырып, Үкіметке және «Самұрық – Қазына ҰӘҚ» АҚ-ға 2023 жылдың соңына дейін қайтадан жаңа зауыттың құрылысын салу жөнінде тапсырма берген болатын. Бұл тапсырма тиісті дәрежеде орындалмай жатыр. Ұйымдастыру жұмыстары мен тиісті шешімдердің дер кезінде қабылданбауының салдарынан, зауыт құрылысының мерзімі бірнеше мәрте кейінге шегеріліп, тоқтап қалу қаупі орын алып отыр», - деді сенатор.