Серікқали Брекешев минералдық ресурстардың деректер банкі неге іске қосылмай жатқанын айтты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев минералдық ресурстардың ұлттық деректер банкі неге іске қосылмай жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Минералдық ресурстардың ұлттық деректер банкінің іске қосуының созылуы себептеріне келсек, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүйені енгізу 2019 жылғы желтоқсанға жоспарланған. Конкурс тек 2019 жылы өткізіліп, «Транстелеком» акционерлік қоғамы жеңімпаз атанды.

Қаржы бөлуді бекіту және мердігерді таңдау рәсімдерінің ұзақтығынан, жобаны іске асыру мерзімі 2021 жылғы шілдеге ауыстырылды. Былтырғы жылы ақпараттық жүйенің жұмыс қабілеттілігін тестілеу бірнеше рет өткізіліп, оның дайын еместігі анықталды. «KPMG» тәуелсіз жобалық кеңсесінің бағалауы бойынша жоба тек 60% пайыз ғана іске асырылды. 2,5 млрд теңге бюджет қаражаты Қазынашылық комитетінің шоттарында сақталуда. Мердігердің міндеттемесі орындалмай, қаражат төленбеді. Оның өсімпұлы 249 млн теңге болды», - деді министр.

Айтуынша, биыл наурыз айында Экономиканы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында аталған ақпараттық жүйені «Kaznedra» жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы шеңберіңде іске асыру туралы ұсыныс қолдау тапқан көрінеді.

«Платформа ведомствоаралык болғандықтан, жер қойнауын пайдаланушылармен жұмыс істейтін мемлекеттік органдар да қатысады. Қазір біз Цифрлық даму министрлігімен жұмыс істеп жатырмыз. Осы жылдың соңына дейін платформаның мәліметтер базасының құрылымы, интерактивтік карта, қатты пайдалы қазбаларды барлау үшін лицензия алу бизнес-процесі сияқты бірқатар компоненттері тестілік режимде жұмыс жасай бастайды», - деді Серікқали Брекешев.

Еске салсақ, кеше Президент аталған ведомствоның жұмысына бірнеше сын айтып, Серікқали Брекешевке «сөгіс» жариялаған еді.


Фото: primeminister.kz



Соңғы жаңалықтар