"Серілер сыны - 2010" сайысы өтті
АЛМАТЫ. Ақпанның 8-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда жоғары оқу орындары студенттері арасында "Серілер сыны - 2010" сайысы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оны "КаР-Тел" ЖШС-нің қолдауымен Алматы қаласы әкімшілігі мен "Нұр Отан" ХДП-ның " Жас Отан" жастар қанаты ұйымдастырды. «Жастардың отансүйгіштік қасиетін дамыту мен қазақ тілін меңгеруі жөнінде құр сөзбен ештеңе тындыра алмайсың. Тәжірбиелі қадамдар қажет», дейді Алматы қаласының жастар саясаты жөніндегі Басқарма бастығының міндетін атқарушы Бақтияр Мәкен. Әрі біздің соған қатысымызды дәстүрлі еткеніміз абзал. «КаР-Тел» ЖШС-нің маркетинг жөніндегі директоры Айнұр Әбжанованың айтуынша, бүгінгі өскелең ұрпақтың өз елі мен жерінің тарихын білуге деген құштарлығы жылдан жылға ұлғайып келеді. Олар қазақ тілімен қатар, орыс, ағылшын тілдерін меңгеруге ұмтылуда. Қазақ тілін дамыту мен насихаттауға байланысты мұндай шараларды алдағы уақытта дәстүрге айналдыру қажет. Бұл додаға қазақ тілін, тарихы мен дәстүрін жақсы білетін кез-келген студенттің қатысуына мүмкіндік жасалды. Сайыс барысында қатысушылар өздерінің шығармашылық таланттарын, тіл мен дәстүр туралы білімдерін паш етіп қана қоймай, өз қолөнер шеберлігін де көрсетті. Онда ақтық сынға жолдама алған 7 сайыскер де ұялы байланыс операторының «Алтын нөмірлеріне», ал ең үздік білімпаз Beeline-ның USB модеміне ие болды.