Серік Шәпкенов «Атырау-Индер» тас жолының сапасына көңілі толмайтынын айтты

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Индер ауданындағы жол құрылысына көңіл толмайтынын айтты. Бес күн бұрын бұл ауданды басқарған Дарын Шамұратов облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалған еді. 

тас жол
Фото: freepik.com

Серік Шәпкенов Индер ауданының тұрғындарымен кездесуде «Атырау-Индер» тас жолының құрылысы көңіл көншітпейтінінін жеткізді. 

«Осы ауданға келе жатқанда арнайы тоқтап, «Атырау-Индер» тас жолының жағдайын көрдім. Жүк көліктерінің кесірінен жол асфальты бұзылған. Бұл жолмен өзіміз күнде қатынаймыз. Сондықтан жолды күтіп ұстау қажет еді. Тас жол бойындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін арнайы бақылау камерасы бар полиция көліктерінің санын көбейтеміз. Тас жолдың осы ауданға қарасты 50 шақырым бөлігінде орташа жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Бірақ мердігердің жосықсыздығынан құрылыс қарқыны баяу. Тұрғындар жұмысты көрмегенін, жолдың шаршатқанын айтып отыр. Инфрақұрылымды дамыту, жолдың сапасы – басты назардағы мәселе. Жауапты басшыларға тиісті тапсырма бердім. Қажет болса, мердігермен келісімшартты үзу үшін қажетті шараларды қабылдау керек», - деді Серік Шәпкенов. 

Тұрғындар ауыз сумен қамту, баспана беру, жол салу және басқа да әлеуметтік мәселелерді көтерді. Әкімнің пікірінше, бұл мәселелерді өзектілігіне байланысты кезең-кезеңімен шешу жоспарланған. 

Еске сала кетелік, бұған дейін Дарын Шамұратов Атырау облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар