Серік Жұманғарин Қарағанды облысының агросала өкілдерімен кездесті

вице-премьер
Фото: primeminister.kz

АСТАНА. KAZINFORM - Вице-премьер Серік Жұманғарин, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров және Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Нұра ауданына барды.

Жұмыс сапарының мақсаты – көктемгі дала жұмыстарын қорытындылау және өңірдің шаруашылықтарымен танысу, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Олар Көбетей ауылындағы сүт-тауар фермасының құрылыс алаңына барды. Кәсіпорын голштин сиырларын әкелген. Жоба 1100 ірі қара малды ұстауды қарастырады. Ферма жобалық қуаттылыққа шыққан кезде жылына 9000 тоннаға жуық сүт өндіреді деп жоспарлануда. 70-ке жуық жұмыс орны ашылады. Жұмысқа орналасу кезінде бірінші кезекте жергілікті тұрғындар қабылданады. Сонымен қатар СТФ өзін азықпен қамтамасыз етеді. Жалпы Қарағанды облысында мал шаруашылығы белсенді дамып келеді.

Өсімдік шаруашылығы саласында аймақ өндірушілері суармалы егіншілікке баса назар аударады. Жоспарлар туралы Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов баяндады.

«Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 1,1 млн гектарға егілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 37,6 мың гектарға артық. Бұл ретте дәнді дақылдар 966,3 мың гектарды, майлы дақылдар 31 мың гектарды құрады. Картоп 11,5 мың гектарға, басқа көкөністер 1,2 мың гектарға отырғызылды. Суармалы жерлер аумағы ұлғайтылады»,— деп хабарлады ол.

«Шахтерское» элиталық тұқым өсіру кәсіпорны да делегацияның назарынан тыс қалмады. Мұнда жыл сайын суармалы жерлердің аумағы кеңейтіледі. Айналымға су алу және беру үшін барлық инфрақұрылымы бар қосымша 200 га енгізілді. Қазіргі заманғы тұқым тазарту желісі салынуда. Ол дәнді, майлы және бұршақ тұқымдарын дайындауға арналған.

«Шахтерское» ЖШС басшысы Георгий Прокоп астық қоймасы мен астық кептіргішті көрсетіп, Қазақстаннан тыс жерлерде белгілі картоп өсіру туралы айтып берді.

«Бүгін біз ауыл шаруашылығын субсидиялау саласында болып жатқан айтарлықтай ілгерілеушіліктерді көріп отырмыз. Бұл бізге одан да үлкен жауапкершілік жүктейді. Біз барлық күш-жігерімізді жұмсап, лайықты өнім алу және өнімділікті екі есе арттыру үшін жақсы жұмыс істеуіміз керек»,— деп атап өтті ол.

Вице-премьер Серік Жұманғарин фермерлермен кездесу барысында Үкіметтің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау жөніндегі жоспарлары, фермерлер үшін «Кең Дала-2» бағдарламасы бойынша 5% жеңілдікпен несие беру мүмкіндіктері және қаражат алудың қарапайымдатылған тетігі туралы айтып берді. Сонымен бірге ол фермерлерге аграршылардың агротехниканы жақсартуға көбірек көңіл бөлу, тыңайтқыштар, тұқымдар енгізу, жоғары өнімді техниканы қолдану және т. б. міндеттемелері жөнінде еске сала кетті.

«Биыл көктемгі егіс жұмыстарына 580 млрд теңге бөлінді. Фермерлерге арналған мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істейді. Қарқынды дамуға мүмкіндік бар. Тұқымға, пестицидтерге, минералды тыңайтқыштарға, жанар-жағармайға, қосалқы бөлшектерге, техникаға қаражат бөлінеді. Енді фермерлер мал шаруашылығын қолдауды сұрайды. Барлық мәселелерді кезең-кезеңімен шешеміз, егіннің жақсы өнуін көріп отырмыз, жақсы өнім күтеміз», деп өз кезегінде атап өтті ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Соңғы жаңалықтар