Серік Жұманғарин корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі өсетін салаларды атады

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжілісте Салық кодексінің жаңа редакциясын таныстырған Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі өсетін салаларды атады.

Серік Жұманғарин
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

- Біз салық мөлшерлемелерін саралаймыз. Корпоративтік табыс салығының базалық мөлшерлемесі 20% деңгейінде сақталады. Бірақ жекелеген секторлар үшін жоғары мөлшерлеме белгіленеді. Бұл банк және ойын секторы. Мөлшерлеме 25% болады. Қаржы лизингі және әлеуметтік сала үшін корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесін кезең кезеңмен 10%-ға дейін көбейту ұсынылады, - деді Ұлттық экономика министрі.

Ал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін мөлшерлемені 3% деңгейінде қалдыру ұсынылып отыр.

- Біз инвесторлар үшін, соның ішінде геологиялық барлау үшін қосымша ынталандыруды қарастырдық. Құрылыс салу, жабдықтарды және бағдарламалық қамтамасыз етуді сатып алу, сондай-ақ оларды қайта құру және жаңғырту шығындары бойынша 100%-дық шегерімдерді ұсынамыз, - деді вице-премьер.

Айта кету керек, Салық кодексінің жаңа редакциясында ҚҚС салынатын айналымның төменгі шегін 40 млн теңге деп белгілеу ұсынылып отыр. 

Соңғы жаңалықтар