Серке театры Мұхтар Әуезовтің мерейтойы аясында "Көксерек" қойылымын ұсынады
ЖЕЗҚАЗҒАН. ҚазАқпарат - С.Қожамқұлов атындағы Ұлытау облыстық Жезқазған қазақ музыкалық драма театрында КСРО Халық артисі Л.Хейфец шеберханасының ГИТИС түлегі, Ресейдің режиссері Константин Денискин «Көксерек» қойылымын қазақ тілінде қояды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
4-5-қараша күндері Серке театрында Мұхтар Әуезовтың 125 жылдығы аясында «Көксерек» әңгімесінің желісі бойынша «Көксерек» қойылымының премьерасы өтеді. Қоюшы режиссері, КСРО Халық артисі Л.Хейфец шеберханасының ГИТИС түлегі Константин Денискин, пластика режиссері – Софья Гуржиева, қоюшы-суретші – Алена Грек.
Көксерек – адамзат пен табиғаттың арпалысы, рухани текетірес алаңы. Қасқыр-адам-табиғат арасындағы күрделі мәселе – спектакльдің негізгі арқауы. Көксеректің табиғатына жат ортада, адамдар арасында өсуі – үлкен трагедияның басы еді. Болмысына жат ортада өскен ол ұяластарын іздеп, бостандыққа ұмтылды. Мұхтар Әуезовтың ғасырға жуық ғұмыры бар әңгімесінің заманауи өзектілігі еш өзгерген емес.
Айта кетейік, Серке театры 2022 жылы өзінің 50 жылдығын атап өтпек. 1972 жылы мәскеулік Щепкин атындағы театр училищесі қазақ студиясының түлектерінен Арқалық қаласында театр құрылып, 1988 жылы Жезқазған қаласында қызметін табысты жалғастырады.