«Серпін» бағдарламасы: 12 462 білім гранты бөлінді

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Биыл Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты (ҚМПИ) алғашқы «серпіндік» 100-ден астам түлекті ұшырады. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Жиында айтылғандай, бұл жоба облыста 2014 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. 2014-2016 жылдары «Серпін-2050» бағдарламасына 12 462 білім гранты бөлінді, оның ішінде 1997 студент Қостанай облысында оқиды. 2017-2018 оқу жылында ҚМПИ-дің 121 түлегі диплом алмақ.

«Серпiн» бойынша біздің институтта 413 студент оқиды. Олардың 280-і оңтүстік өңірлерден келген.  Оқу орындарында жоба қатысушыларының шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін қажетті жағдайлар жасалған, мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізіледі. 128 студент жоғарғы стипендия алса, тағы 5-еуі президенттік стипендияға ие болған. Білім алушылардың өндірістік практикадан өтуін және олардың одан әрі жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету жұмысы да жолға қойылған. Осы мақсатта біз өңірлердің компанияларымен және кәсіпорындарымен келісімшарттар жасастық. Облыстық білім басқармасы «серпіндік» студенттерге 74 бос орын ұсынды. Оның 33-і - ауылда, ал 41-і - қалада», - деді ҚМПИ ректоры Еркін Әбіл.

Ректордың сөзінше, қалада жұмыс істейтіндер үшін баспана мәселесі туындап отыр. Ал облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жастарды ауылға шақырды.

«Қазір бәрі қалада қалғысы келеді. Бұл дұрыс емес. Қалада өміру сүру әлдеқайда қымбатқа түседі. Облыста республикалық маңызы бар жолдарға жақын орналасқан ауылдар көп. Мәселен, Қарасуда 100-120 шаршы метр болатын кең, ыңғайлы үйлер бар. Мал шаруашылығымен айналысуға болады. Қазір мемлекет те жақсы жағдай жасап отыр. Меніңше, әр ауылға 3-4 жас маманнан болу қажет», - деді аймақ басшысы.

Соңғы жаңалықтар