Серпіндік студенттер Риддерде жұмысқа орналастырылады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат -  Риддер  аграрлық-техникалық колледжінде   «Серпін-2050: жастар -  индустрияға» мемлекеттік бағдарлама бойынша ШҚО-да білім алған студенттердің басым бөлігі қалада қалып, кәсіпорындарда жұмысқа қалуды жоспарлауда.   

Серпіндік студенттер  Риддерде жұмысқа орналастырылады

 Бұл туралы Риддер қаласының әкімі Жомарт Мұратов ШҚО-да өткен ӨКҚ баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлады ақпарат орталығына сілтеме жасап «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. 

«Колледжге «Серпін»  бағдарламасы бойынша   25 студент түскен. Оның 22-сі оқуды аяқтауда. 7-еуі ЖОО-да білімдерін жалғастырмақ,  15-ін  қаланың өндірістік алаңдарына жұмысқа орналастыруды жоспарлаудамыз», - деді  Риддер әкімі.

  Риддер басшысы студенттер ата-аналарының қалаға қоныс аударуларын сұрады. Мәслихатта әкімдік «серпіндіктердің» ата-анасына жұмыс ұсынысы туралы хат жіберілгені айтылды. Бағдарламаның пәрменділігі мен нәтижелілігін түсінген ата-аналары басқа балаларын да шығысқа оқуға жібергілері келетінін айтты.     

  «Серпін-2050: жастар -   индустрияға» бағдарламасы Қазақстанда    2014 жылдан бастап іске қосылғаны белгілі. Бағдарламаға сәйкес оңтүстік өңірден мыңдаған ұл-қыздар Батыс, Шығыс, Солтүстік Қазақстанда ЖОО-ларда сапалы білім ала алады.   Бұл оңтүстікте еңбек ресурстарының көптігіне, ал жоғарыда аталған облыстарда мамандардың жетіспеуіне байланысты.