Сессия кезінде емтихан тапсыру мәселесін жолға қоятын кез жетті - Ж.Түймебаев
sp;АСТАНА. Желтоқсанның 4-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Сессия уақытында емтихандар тапсыруда кезінде жіберілген қайшы жағдайлар үшін оқу орны мейлі мемлекеттік, не жекеменшік болсын - әрбір ректор тікелей жауап беретін болады, деді ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев ведомствоның бүгін өткен алқа мәжілісінде,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алқа мәжілісінде білім министрі, Елбасы Н.Назарбаев еліміздің жоғары оқу орындарының алдына үлкен міндеттер қойып отырғандығын тілге тиек ете келе, өкінішке қарай, сессия тапсыру кезінде қайшы жағдайлар орын алып жатқанын және бұл үдеріске қатысты ректорлардың біле тұра шара қолданбауына, сондай-ақ декандар, кафедра меңгерушілері, тіпті қатардағы мұғалімдердің сессия кезіндегі кейбір қылықтарына байланысты министрлікке арыздар түсіп жатқанын айтты.
«Министрлікке келіп түскен мәліметтер бойынша, әсіресе, сырттай және ақылы бөлімнің студенттері сессияны түрлі жолдармен тапсыруы, бұдан әрі бізді қатаң шаралар қолдануға мәжбүрлейді. Сессия кезінде емтихан тапсыру мәселесін жолға қоятын кез жетті», - деп атап көрсетті Ж.Түймебаев.
Ведомство басшысы, бұл мәселеге қатысты қазір арнайы комиссия жұмыс істеп жатқанын, оның нәтижесі алдағы уақыттары жарияланатынын жеткізіп, жоғары білім талаптары бұзылған жоғары мектептердің ректорлары, мейлі оқу орны мемлекеттік, не жекеменшік болсын - тікелей жауап беретінін қадап айтты.