Əсет Исекешев Алматы-Қапшағай күре жолы бөлігінің құрылысын тексерді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ҚР Инвестициялар жəне даму министрі Əсет Исекешев "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан Алматы-Қапшағай автомобиль жолы бөлігінің құрылысын тексерді.

Əсет Исекешев Алматы-Қапшағай күре жолы бөлігінің құрылысын тексерді

Тас жолдың құрылысы жайлы министрге "ҚазАвтоЖол" ҰҚ АҚ төрағасының орынбасары Ұлан Əліпбаев баяндады.

Оның айтуынша, қазір Алматы облысында ұзындығы 539 шақырым автомобиль жолында қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

"Келер жылы біз бітіреміз. Жолдың сапасы жақсы болады. Қазір бізге барлық жолдарды дұрыс түйістіру керек. Жолаушыларға да, жүк тасымалына да ыңғайлы болуы керек. «Нұрлы жол» бағдарламасында барлығы қарастырылған. Алматыдан өтетін көлік логистикалық орталығын кезең-кезеңімен бастау маңызды. Инфраграфиканы қарадық. Әлемдік банкпен келісім бар. Алматы-Өскемен тас жолын салуда Қытай үкіметімен келісім бар. «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» көлік дәлізін Әлемдік банк қаржыландырып жатыр», - деді министр.

Алматы-Қапшағай бөлігінде құрылыс жұмыстары үш бөлікте жүргізіліп жатыр. Тас жолдың 63 шақырымдық аумағы 6 жолақты болып салынуда. Қалған 41 шақырым жол 4 жолақты болады. Жол цементбетон төсемімен 1 техникалық дəрежеде салынып жатыр.

Жалпы 2015 жылдың қорытындысы бойынша Алматы-Талдықорған бағыты бойынша 94 шақырым жол пайдалануға беріледі. Осы бағытта үздіксіз қозғалыс ашылады. "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" автодəлізі бойынша биыл цементбетон төселген 150 шақырым жолға екі бағытта қозғалыс ашылады. Құрылыс жұмыстары 2016 жылдың соңына жоспарланған. Қайта қалпына келтіру жұмыстарына шамамен 2,5 жол құрылыс техникасы мен 6 мың адам жұмылдырылған.

"ҚазАвтоЖол" ҰҚ АҚ төрағасының орынбасары Ұлан Əліпбаевтың айтуынша, елімізде ағымдағы жылы 2173 шақырым жолда қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңында оның 667 шақырымында жол ашылып, 578 шақырым автожол пайдалануға беріледі.

Қолданылған материалдардың 90 % -ы қазақстандық екенін атап өткен жөн. Маманның айтуынша, цементбетонмен төселген жолдың 1 шақырымының құны 3 млн доллар тұрады. Қаржыландыруға жеке инвесторлар тартылған. 2017 жылдан бастап жол ақылы болады.