Сеул мен Пхеньян шекарадағы шиеленісті талқылауы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM —  Оңтүстік Корея әскери-демаркациялық сызықтың өтуіне қатысты келіспеушіліктерді реттеу және шекарада болуы мүмкін қақтығыстардың алдын алу мақсатында КХДР-мен әскери келіссөздер өткізуді ұсынды, деп хабарлайды Yonhap.

Сеул мен Пхеньян шекарадағы шиеленісті талқылауы мүмкін
Photo credit: Yonhap

Оңтүстік Корея қорғаныс министрінің орынбасары Ким Хон Чхольдің мәлімдеуінше, Сеул мен Пхеньян арасында екі елді бөліп тұрған әскери-демаркациялық сызықтың орналасуына қатысты келіспеушіліктер сақталып отыр.

— Оңтүстік Кореяның Қорғаныс министрлігі құрлықтағы әскери-демаркациялық сызықтың орналасқан жерін бірлесіп нақтылау, әскери байланыс арналарын қалпына келтіру және шекарада кездейсоқ қақтығыстардың алдын алу шараларын талқылау үшін Кореяаралық әскери келіссөздер өткізуді ресми түрде ұсынады, — деді ол.

Министрдің орынбасарының айтуынша, Сеул БҰҰ қолбасшылығының қатысуымен үшжақты келіссөздер өткізуді де қарастырып отыр.

Бұл ұсыныс 21 қыркүйекте демилитаризацияланған аймақта мина жарылып, Оңтүстік Кореяның үш әскери қызметшісі зардап шеккеннен кейін шиеленістің күшеюі аясында жасалды. Сеул оқиғаға КХДР-ды жауапты деп айыптады, алайда Пхеньян бұл айыптауларды жоққа шығарды.

Оңтүстік Корея тарапының алаңдаушылығын КХДР әскери күштерінің шекараны нығайтуға бағытталған әрекеттері де күшейтіп отыр. Атап айтқанда, шекара маңында қоршаулар орнатылып, аумақтарға мина қойылып жатыр. Сеул шекара сызығын анықтаудағы келіспеушіліктер байқаусызда қарулы қақтығыстарға әкелуі мүмкін деп қауіптенеді.

Бұған дейін Оңтүстік Корея КХДР-мен шекарадағы демилитаризацияланған аймақта қауіпті міндеттерді орындау үшін роботтар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалануды ұсынғаны хабарланған болатын. Бұл бастама 21 қыркүйекте мина жарылып, Оңтүстік Кореяның үш әскери қызметшісі зардап шеккеннен кейін көтерілді.