Сеулде әлемдегі ең үлкен шабақсыз шолу дөңгелегі аттракционы салынады
СЕУЛ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Корея астанасында «Сеул дөңгелегі» деп аталатын 180 метрлік шабақсыз шолу дөңгелегі салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат CNN-ге сілтеме жасап.
Қала билігі аттракцион 2027 жылы қаланың солтүстік-шығысындағы Ханыль саябағында орнатылатынын мәлімдеді.
Шабақтары жоқ шолу дөңгелегі - жаңа әзірлеме. Әдетте шолу дөңгелектерінің ортасынан өтетін шабақтары болады, бірақ соңғы бірнеше жылда технология оларсыз айналу мүмкіндігін беретіндей деңгейде дамыды.
Аттракцион әлемде шабақсыз айналатын ең үлкен айналма дөңгелек болады деп күтілуде.
«Сеул дөңгелегі» - бұрын қоқыс орны болып, қазір жасыл жобалар үшін пайдаланылатын Сангам-донда өтіп жатқан бірнеше бастаманың бірі. Үкіметтің хабарлауынша, ол күн энергиясы сияқты экологиялық таза технологияларды пайдаланатын болады.
Аттракцион құрылысы аяқталған соң онда әрқайсысында 25 адамға дейін сыйып кететін 36 вагон болады. Толық қуатына шыққаннан кейін ол тәулігіне 11 792 адамды қабылдай алады.
Қазіргі уақытта әлемде шабақсыз айналатын ең үлкен шолу дөңгелегі Қытайдың Шаньдун провинциясында орналасқан. Оның биіктігі 145 метр.
Өткен жылдың күзінде БАӘ-да ашылған Ain Dubai аттракционы әлемдегі ең биік айналу дөңгелегі атағын сенімді түрде иеленеді. Оның биіктігі - 250 метр.