Сейдахмет Бердіқұлов атындағы байқаудың жеңімпаздары марапатталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәдениет және спорт министрлігінде жыл сайын өтетін С.Бердіқұлов атындағы байқаудың жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Министрліктің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, биыл байқауға оннан астам журналистен 60-қа жуық материал келіп түскен. Үздіктерді Амангелді Сейітхан, Дүрәлі Дүйсебай, Қыдырбек Рысбек, Нұрғазы Сасаев қатарлы белгілі ардагер журналистер анықтады. Жүлде бір телевизиялық, екі жазба материалға берілді.
«Үздік телевизиялық жұмыс» номинациясы бойынша «Qazsport» арнасының тілшісі Ермек Төрениязов марапатталды.
«Үздік жазба материалы» аталымында «Қазақ спорты» газетінің тілшісі Мадина Асылбек және дәл осы номинацияда «Қармақшы таңы» газетінің тілшісі Нұрбай Жанәділов тұғырдан көрінді.
Лауреаттарға алғыс хат, ақшалай сыйлық және төсбелгі табысталды.