Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың иегерлері белгілі болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлық лауреаттарының есімдері белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясына сілтеме жасап хабарлады.
Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша, Сейдахмет Бердіқұлов атындағы 2016 жылғы сыйлықты қазақтілді басылымдардан Ришад Тұрғанбаев (Талдықорған қаласы, «Жетісу» газеті) пен Ғабит Сапарбеков (Шымкент қаласы, «Оңтүстік Қазақстан» газеті) жеңіп алды. Ал орыстілді тілшілер арасында Павел Цыбулин (Астана қаласы, «ҚазСпорт» телеарнасы) қанжығасына байлады.
Жүлдегерлерді марапаттау рәсімі алдағы күндері белгілі болады.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы бұл сыйлықты «Үздік жарияланым» номинациясы бойынша «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Ғайсағали Сейтақ, үздік телевизиялық репортаж жасаған «Хабар» телеарнасының журналисі Қанат Базылхан мен үздік фото жұмыстары үшін Алексей Филиппов иеленген болатын.