Сейсенбіде 4 өңірде үсік сақталады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 20 қыркүйекте Қазақстан аумағының басым бөлігі әлі де ауқымды антициклон ықпалында болады. Осыған байланысты жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Атмосфералық фронталды бөліктердің өтуімен еліміздің батысында, оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Жекелеген өңірлерде жел күшейіп, оңтүстікте, оңтүстік-батыста шаңды дауыл тұрады. ҚазАқпарат бұл туралы Қазгидрометке сілтеме жасап хабарлайды.

Сейсенбіде 4 өңірде үсік сақталады

Сейсенбі күні Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарының басым бөлігінде, Қарағанды облысының оңтүстігінде, Ұлытау, Ақтөбе облыстарының шығысында, Алматы облысының солтүстігінде және орталығында, Абай облысының солтүстік-батысында, солтүстігінде, шығысында, Атырау облысының солтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.

Қостанай облысының оңтүстігінде, Павлодар облысының орталығында жоғары өрт қаупі сақталады.

Түнде Ақмола облысының шығысы мен орталығында, Қарағанды облысының солтүстігінде және шығысында, Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-шығысында, Абай облысының батысында 1-3 градус үсік сақталады.