Сейсенбіде таулы жерлерде дымқыл қар жауып, сегіз өңірде үсік жүреді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазгидромет синоптиктері 13 қыркүйек, сейсенбіге арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сейсенбіде таулы жерлерде дымқыл қар жауып, сегіз өңірде үсік жүреді

Қазақстанның солтүстігі, солтүстік-батысы, шығысы мен оңтүстік-шығысы әлі де циклондық атмосфера фронттарының ықпалында болады.

Осының салдарынан солтүстік-батыста, батыста найзағай ойнап, жаңбыр жауады, түнде солтүстікте, шығыстың таулы аудандарында, оңтүстік-шығыста жауын-шашын (жаңбыр, дымқыл қар) болады.

Ел аумағында желдің күші 15-23 м/с жетеді. Күндіз батыста шаңды дауыл тұрады.

ҚР солтүстігінде, солтүстік-батысында, орталығында – түнде және таңертең тұман түседі.

Қызылорда, Түркістан облыстарының басым бөлігінде, Қарағанды облысының орталығында, Атырау облысының батысында төтенше өрт қаупі сақталады, Қостанай облысының оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады.

Түнде Ақмола облысының солтүстік-шығысында 3 градус үсік жүреді.

Түнде Қостанай, Ақтөбе солтүстігінде, Солтүстік Қазақстанның солтүстік-шығысында, Павлодар облысының оңтүстік-батысында, шығысында, Қарағанды облысының солтүстігінде, орталығында, Шығыс Қазақстан облысының шығысында, Абай облысының батысында топырақ бетінде 1-3 градус үсік жүреді.