Сейсмолог блогердің Алматыдағы жер сілкінісі туралы «болжамына» қатысты пікір білдірді

Дәулет Сәрсенбаев
Фото: ҚР ТЖМ

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Блогердің Алматыда жер сілкінісі туралы болжамына қатысты Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығының басшысы Дәулет Сәрсенбаев пікір білдірді. 

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында ғылыми орталық директоры Дәулет Сәрсенбаев псевдосейсмологтар мен псевдосарапшылардың болжамына қатысты өз ойын айтты.

«Оның 14 ақпаннан кейін республика аумағында күшті жер сілкінісі болады деген болжамына келетін болсақ, шынын айтқанда, бұл блогерлер нені меңзеп отырғанын білмейміз. Олардың негіздері қандай? Олар түс көрме ме, әлде бірдеңе пайдаланады ма? Бұл қиын сұрақ. Шын мәнінде, біз күн сайын 200-ден астам параметрді өңдейміз, мониторинг гидродинамикалық, гидрохимиялық, геофизикалық, деформациялық процестерді және тіпті биологиялық бақылау арқылы жүзеге асырылады. Осының негізінде біз сейсмикалық жағдайға болжам жасаймыз. Биыл Алматы облысында күшті жойқын жер сілкінісі күтілмейді», — деді Дәулет Сәрсенбаев.

Айтуынша, тұрғындар жер сілкінісі және басқа да төтенше жағдайлар кезіндегі барлық тәртіп ережесін нақты білуі керек. 

«Жапонияны алып қарайық — онда жер сілкінісі үнемі болып тұрады, бірақ іс жүзінде зардап шеккендер болмайды. Тағы да еске түсірейік — Алматыда жер сілкінісі салдарынан зардап шеккендер болды ма? Жоқ, адамдар дүрбелеңнен зардап шекті. Ал ол қайдан шықты? Жағдайды түсінбеу салдарынан, әртүрлі жалған хабарламалар мен мемлекеттік органдардан ақпараттың жеткіліксіздігі салдарынан болды. Бұл бағытта жұмыс істеу керек», — деді сөз соңында ӨКҚ спикері.

Соңғы жаңалықтар
telegram referendum