Сейсмология институтының Ғылым министрлігіне қайтарылуына қарсы емеспіз — Саясат Нұрбек

саясат нұрбек
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Сейсмология институтын өзі басқарып отырған ведомствоға қайтару мүмкіндігіне пікір білдірді.

«Дүйсенбі күні Алматыда жер сілкінді. Жақында Сейсмология институтының ғылыми қызметкерлерімен кездестім. Іс жүзінде аталған институт қызметкерлері бейшараның күнін кешіп отыр. Ешқандай ғылыми жобалары қабылданбаған. Жобаларын министрлікке жолдаса да, оларды кері қайтарып жатыр, яғни қаржыландыруды қысқартып тастаған. Қазір Сейсмология институты Төтенше жағдайлар министрлігінің қарамағында. Сейсмолог ғалымдар институтты Ғылым министрлігіне қайтару керек екенін айтып отыр. Осыған не айтасыз?», — деп сұрады депутат Бақытжан Базарбек.

Өз кезегінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек кезінде бірқатар институт салалық министрліктердің құрамына берілгенін еске салды.

«Сейсмология институты да Төтенше жағдайлар министрлігінде. Оларда қазір толыққанды қаржыландыру болмағаны өкінішті. Сонымен қатар, біздің министрлік те олардың ішкі процедураларын қолдай алмайды. Сондықтан аталған институт бізге қайтарылса, қарсы болмаймыз. Бірақ биыл қомақты грантты Сейсмология институтына бөліп отырмыз, яғни 3,5 млрд теңге сомасында. Қазір олардың барлық өтінімін пысықтап, Үкімет жанындағы комиссияның қарауына шығарып отырмыз», — деді министр.

Еске салсақ, былтыр «Сейсмология институты» ЖШС мен «Сейсмологиялық тәжірибелік-әдістемелік экспедиция» ЖШС біріктіру жолымен жарғылық капиталында мемлекеттің 100 пайыз қатысуымен Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы  жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып қайта құрылған еді. 

Соңғы жаңалықтар