Сейсмологиялық зерттеулерге 1,5 млрд теңге бөлінбек

АСТАНА. KAZINFORM – 3 жылдық сейсмологиялық зерттеулерге 1,5 млрд теңге бөлу жоспарланған. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінен мәлім етті.

Cейсмикалық станса
Фото: Pixabay.com

«Сейсмология институты 2023 жылдың желтоқсан айынан бастап «Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы» (СБЗҰҒО) болып аталады. 2024 жылдың 9 қаңтарында «Ғылым туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 23-бабына сәйкес ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде бес жыл мерзімге аккредитацияланды. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында 2024-2026 жылдарға арналған Ғылым министрлігі жариялаған конкурсқа «Қазақстанның облыстары мен қалалары аумақтарының сейсмикалық қауіптілігін заманауи ғылыми-әдістемелік негізде бағалау» ғылыми-техникалық тапсырмасына қатысып жатыр», - деп атап өтті министрліктен агенттіктің ресми сауалына орай.

Ведомство мәліметінше, 2025 жылдан бастап СБЗҰҒО ғылыми-техникалық бағдарламаларын мемлекеттік тапсырма ретінде қаржыландыру жолдары қарастырылып жатыр.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымын, Алматы қаласының әкімдігінің қолдауымен жабдықтарды жаңғыртуға 2024 жылға 500 млн тенге бөлінді және 2024-2026 жылдарға сейсмологиялық зерттеулер бағытында ғылыми-техникалық жобаны қаржыландыру жоспарлануда. Жобаның құны 1,5 млрд. тенгені құрайды. Сонымен қатар СБЗҰҒО ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жобасы дайындалуда», - деді министрліктен.

Еске сала кетейік, бұған дейін 2024-2025 жылдары Қазақстан аумағында 5 сейсмикалық стансы орнатылатынын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар