Ш.Есенов атындағы КМТжИУ мен Барселона менеджмент жоғары мектебі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

Енді университеттің жергілікті оқытушылары мен студентері Испания еліне барып білім жетілдіруіне мүмкіндіктері зор.
Барселона қаласындағы Басқарудың жоғары мектебі әлемнің көптеген оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынаста. Білім ордасы соңғы 5 жылда Орталық Азия елдерімен де байланыс орнатты. Қазақстанмен, оның ішінде Маңғыстау облысымен ынтымақтастық жүргізудің өзіндік мәні бар. Барселона Еуропадағы ең ірі теңіз портымен әйгілі. Ақтаудағы сияқты мұнда да су көлігі мамандарына сұраныс жоғары.
Ш.Есенов атындағы КМТжИУ ректоры Әбдімүтәліп Әбжаппаровтың айтуынша, Барселона менеджмент жоғары мектебі Қазақстанның 5 университетімен ынтымақтастық орнатқан. Мұнда бір жылдық оқу ақысы 11 мың еуроны құрайды. Биылдан бастап қазақстандық магистранттар үшін оқу ақысы 70 пайызға жеңілдетілген. Мұнда біздің елдің студенттеріне 20 грант ұсынып отыр.