«Шабыт-2010» байқау-сыйлығының алғашқы иегерлері анықталды
АНА. 29 желтоқсан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Астанада елдің бірқатар шығармашыл жастары және мәдениет саласын қолдап жүрген отандық ұйымдар тұңғыш рет ұйымдастырылған тәуелсіз «Шабыт-2010» байқау-сыйлығымен марапатталды.
«Шабыт» қоғамдық қоры аталмыш сыйлықты үздік жетістіктерімен көзге түскен шығармашыл жастарға, сонымен қатар оларға демеушілік жасап, мәдениет пен өнер жолында аянбаған тұлғаларға, ұйымдарға табыс етеді.
Қор 2009 жылы XII халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің ұйымдастырушылары мен қатысушыларының бастамасымен, мәдениеттегі жас таланттардың алғашқы шығармашыл қадамдарына қолдау көрсету үшін құрылған болатын.
Биыл аталған сыйлықты тұңғыш рет қазақстандық өнерпаздар иеленіп отыр.
«Байқаудың іріктеу кезеңінде мықтыларды таңдауда зерттеу және әлеуметтік сауалдарды жүргізу әдісі қолданылды. Зерттеу барысы 1 қарашадан 1 желтоқсанға дейін өткізіліп, ондағы мәліметтер 15 күн бойы өңделді. Сонан соң Қазақстанның белді қайраткерлерінен құралған тәуелсіз әділқазылар тобы ең үздіктерді таңдады», - дейді «Шабыт» қоғамдық қорының атқарушы директоры Талант Төлебеков.
Жеңімпаздар үш аталым бойынша анықталды. Бұдан бөлек, «Мәдениет саласына сіңірген еңбегі мен ҚР шығармашыл жастарына көрсеткен қолдауы үшін» арнайы аталымы бекітіліп, оған ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед лайық деп табылды.
Биыл «2010 жылы Мәдениет және өнер саласындағы жетістігі үшін» аталымында елордадағы филармонияның хореографы Әділ Еркінбаев, белгілі балет бишісі Гүлфайруз Құрманқожаева, әнші Қайрат Түнтеков, жас режиссер Қанағат Мұстафин, актриса Қарлығаш Мұхамеджанова және цирк әртісі Мұрат Мұтұрғанов үздік деп танылды.
«2010 жылы шығармашыл жастарды қолдауы үшін» сыйлығына Айман Мұсақожаева, Арыстанбек Мұхамедиұлы, Баян Есентаева, «Казахстанская правда» газеті, «Қазақ Ақпарат агенттігі» ҰК» АҚ, «Елорда Тынысы» RADIO TENGRI ЖШС, «TV Media Advertising Agency» Hit TV ЖШС ие болды.
«2010 жылы Мәдениет пен өнер саласында сапалы қызмет көрсеткені үшін» аталымы бойынша Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайы, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы, К. Байсейітова атындағы опера және балет театры, «Құланшы» қазіргі заманғы өнер орталығы, «Қазақ әуендері» АҚ, «Кинопарк» компаниясы сыйлық алды.