«Шабыт» фестивалiнде ҚР Президентiнiң кубогiн А. Мұстафаев жеңiп алды

3-8 қараша күндерi өткен байқауда Қазақстан мен ТМД елдерiнен келген 500 өнерпаз 6 аталым бойынша бақ сынасты. "Классикалық музыка" аталымында төрт қатысушы Гран-При иелендi: Роза Лебедева (ағаш үрмелi аспаптар), Жасұлан Әбдiхалықов (мыс үрмелi аспаптар), Болат Тұрабеков (соқпалы аспаптар) және Петр Бабин (баян, аккордеон).
"Бейнелеу өнерi" аталымында Алмас Мұстафаевтың мүсiнi үздiк деп танылды. Ал Семей қаласының өкiлi Қуат Киiкбайдың прозасы "Үздiк әдеби шығарма" атанды. "Эстрадалық вокал" аталымында Киев қаласынан келген Маргарита Мелешко өзiнiң шығармашылығымен қазылар алқасын тәнтi еттi.
Сонымен қатар Қазақ ұлттық өнер университетiнiң "Шабыт" би ұжымы "Хореография" аталымында және "Көк түрiктер" фольклорлық-этнографиялық ансамблi "Халық музыкасы" аталымында Гран-При еншiледi.
Ал "Шабыт" шығармашыл жастар фестивалiнiң 2013 жылғы Бас жүлдесiн - ҚР Президентiнiң Кубогiн Алмас Мұстафаев өзiнiң Ортеке дала театрымен жеңiп алды.
"Ортеке театрында мүсiн өнерi де, перфоманс та, музыкалық аспаптар да бар. Ортеке бiздiң ұлттық және мәдени брендiмiз. Дегенмен бiрнеше онжылдыққа жоғалтып алдық. Қазiр оны бiртiндеп жандандырып келемiз. Кубоктi осы салаға бергенiмiз уақыт талабы деп санаймын. Авторға оның еңбегi үшiн алғыс айтамын", - дейдi байқаудың әдiл қазылар алқасының мүшесi, ҚР Суретшiлер одағының мүшесi Айжан Бекқұлова.
Айта кетейiк, фестивальға қатысқан өнерпаздардың қабiлеттерiн Қазақстан, Израиль, Ресей, Польша, Қырғызстан, Италия, Украина, Беларусь, Латвия және Түркия елдерiнiң көрнектi мәдениет және өнер қайраткерлерi бағалады.