«Шабыт» қоғамдық қорының басты міндеті - дарынды жастардың болашағына өріс ашу- Қордың атқарушы директоры Т. Төлебеков

АНА. 30 желтоқсан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Шығармашылықпен айналысатын жастарды демеп, олардың өмірде қалыптасуына күш салып жүрген құрылымдардың бірі - «Шабыт» қоғамдық қоры. Құрылғанына көп бола қоймаған Қор жастардың шығармашылығын шыңдау үшін әртүрлі іс-шараларды ұйымдас­тырып келеді. Қордың қазіргі таңдағы жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы оның атқарушы директоры Талант Төлебековтен сұрап-білген едік.

«Шабыт» қоғамдық қорының  басты міндеті - дарынды жастардың болашағына өріс ашу- Қордың атқарушы директоры Т. Төлебеков

- Алдымен Қор жайында аз-кем мағлұмат беріп, оның жұмысымен таныстырып кетсеңіз?

- «Шабыт» қорын құру идеясы 2009 жылдың қарашасында дүниеге келді. Былтыр халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалі аясында дөңгелек үстел отырысы өтіп, онда ТМД елдерінің жастары мен қазақстандық өнерпаздар жас дарындарды қолдауға бағытталған «Шабыт» қорын ашу туралы бастама көтерді. Қазіргі уақытта қордың жұмысы ҚР Мәдениет министрлігінің қолғабысымен жолға қойылып келеді. Қордың қызметі елдегі мәдени маңызы зор шараларды ұйымдастыруға, шеберлік-сыныптарын, семинарлар мен тренингтерді өткізуге бағытталған. Мәдениет саласындағы бәсекеге қабілетті жобалардың дамуы үшін және оның түп қазығы мен қозғаушы күші болып табылатын жастардың шығармашылық әлеуетінің жоғарылауы үшін мәдени шаралардың көптеп өткізіліп тұрғаны қажет.

- Жастар өздерінің алдында тұрған түйткілдерді біледі және ол мәселелерді шешуде ешкімге алақан жайып, қаржы сұраған емес. Жастар мемлекеттен ақша сұрап отырған жоқ, мемлекет әрдайым қаражат бөле бермейтінін де жақсы түсінеді. Сондықтан да қордың қанатының астында топтасқан жастардың тілейтіні - фестивальдердің, байқаулардың, түрлі саладағы жарыстардың көптеп ұйымдастырылуы. Соның арқасында жас ұрпақ өз өнерін халыққа паш етіп, өнерлерімен көрінуге мүмкіндік алады, шығармашылығын шыңдайды.

- Қордың мұрындық болуымен биыл жастарға қолғабыс болған қандай шаралар жүзеге асырылды?

- Біздің басты міндетіміз - келешекке келелі жол салып, дарынды жастардың болашағына өріс ашу. Сондықтан да біздің қор жыл басынан бері Қазақстан, сонымен қатар ТМД аумағында түрлі конференциялар, іс-шаралар, форум­дар дөңгелек үстелдер, байқаулар ұйымдастырып, жас өнерпаздарға және шы­ғармашыл жастарға арналған шеберлік-сыныптарын өткізді. Биыл атқарылған ауқымды шаралардың қатарына үш мәрте ұйымдастырылған республикалық шеберлік-сыныптарын жатқызуға болады.

Ондай шаралар кезінде Қазақстанда белсенді әрі бастамашыл жастардың көптігін аңғардық. Мәселен, цирк жұлдызы Мұрат Мұтұрғанов балғындарға да, ересек көрермендерге де қызықты цирк шоуы телевизиялық жобасын ашу жөнінде ұсыныс тастады. Хареография өнерінде де осы іспеттес қызықты идеялар бар. Студенттердің бірі бізге келіп, халық билері фестивалін өткізу туралы жобасын көрсетті. Бұны өңдеу барысында ой ары қарай дамытылып, халық билерін үйрететін дискілер шығару жөнінде шешім қабылдадық. Бұл да осы саладағы тың қадам. Қазіргі уақытта латын, үнді билерінің қимылын үйрететін дискілер дүкен сөрелерінде қаптап тұр. Бізге де ұлттық биімізді дәріптеп, оған баланы кішкентай кезінен кәсіби түрде баулитын отандық өнімдерді неге шығармасқа?! Аталған жоба жасалу үстінде. Осы іспеттес ұсыныстар мен пікірлер жетіп артылады. 2011 жылы біз шығармашылықпен айналысып жүрген барлық жастарды жинап, үлкен конференция өткізбекшіміз, оның барысында жастар ұтымды ұсыныстарын ортаға сала алады. Кейін бұл ұсыныстарды ҚР Мәдениет министрлігіне, Білім және ғылым министрлігіне жолдап, жобалардың іске асырылуына қолдау көрсетулерін сұрайтын боламыз.

- Қор жүзеге асыруды көздеп жүрген халықаралық жобалар бар ма?

- Қор қызметіндегі негізгі басымдықтардың бірі - қазақ мәдениетін әлемдік кеңістікпен ықпалдастырып, мәдениетаралық келісімді дамыту болып табылады. Жоғарыда атап өткенімдей, Қазақстанда ТМД-дағы әріптестеріміздің қатысуымен көптеген шаралар өткізілді. Осындай жиындардың бірінде мәскеулік әріптестеріміз шығармашылықпен айналысатын жастардың бірлескен тобын құрып, қазақ-орыс фильмін түсіру туралы идея айтты. Біз қазір бұл жоба бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Ал қырғыз бауырларымыз көшпелі Азия фестивалін өткізу жөнінде ұсыныс білдірді. Аталған фестивальде әр елдің оншақты өнерпаздары өздеріне үйреншікті емес, өнердің басқа жанрында бағын сынап көретін болады. Өзбекстан жастары болса, эстрада фестивалін ұйымдастыру туралы ойларын айтты. Жазда «Өнер зертханасы» атты жобаны іске асырмақ ойымыз бар. Бұл жоба аясында Астанаға әлемнің әр түкпірінен фотосуретшілерді шақырып, олардың елордаға деген көзқарастарын білетін боламыз. Идеялар көп, олардың барлығы дерлік өте қызықты.

- Әңгімеңізден Қордың алғашқы жылы атқарған жұмыстары нәтижелі әрі маңызды болғаны байқалады.

- Иә, биыл біздің бастамамызбен түрлі жобалар атқарылды. Ал күні кеше елдің бірқатар шығармашыл жастарына және мәдениет саласын қолдап жүрген отандық ұйымдарға «Шабыт» байқау-сыйлығының табыс етілді. Бұны - жыл ішінде атқарған нәтижелі жұмысымыздың шарықтау шегі деп атаса да болады.

- Сіздердің конкурстарыңыздың басқа конкурстардан қандай айырмашылығы бар?

- Біздің конкурсымыздың басқаларынан басты айырмашылығы - оның тәуелсіз және әділ өткізілуінде. Жеңімпаздар Қазақстан халқы арасында жүргізілген әлеуметтік сауалдардың нәтижесі бойынша таңдалынады, кейін сол саланың жілігін шағып, майын ішкен білікті мамандардан, өнертанушы және мәдениет қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы үздіктерді анықтайды. Мықтыларды анықтауда үдерісіне ешкімнің де ықпал етпеуі үшін, әділқазылар алқасы мүшелерінің аты-жөндері құпия сақталады. Қордың құрылуының өзі бір ғажап болды. Себебі ол жастардың бастамасымен дүниеге келді, кейін ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауына ие болды. Қорда елдің жас буынын қандай мәселелер толғандырып жүргенінен хабары бар жастар жұмыс жасайды. Әртістер, суретшілер және басқа да өнерпаз азаматтар жыл соңында өнер саласындағы жетістіктерді айшықты қорытындылай білген Қордың құрылғанына шын көңілдерімен қуанып отыр. Әсіресе, мемлекеттің қарқынды даму үдерісінен қалыспай, өнердің осыншама шарықтап, дамып жатқан тұсында мұндай игі істерге қуанбаған адам жоқ шығар. Мәдениет - бүкіл ел болып дамытуды қажет ететін айрықша сала. Келесі жыл біз үшін осындай қызықты әрі маңызды шараларға толы болады деген үмітім бар. Ал «Шабыт-2011» лауреаттары 2010 жылдың жеңімпаздарынан кем емес, олар үздік өнерпаздар атануға әбден лайықты азаматтар.

- Сұхбатыңызға рақмет!