«Шабыт» шығармашыл жастар фестиваліне өтінімдер қабылдау басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестиваліне өтінімдер қабылдау басталды. Биыл дарынды жастар бес номинация бойынша бәсекеге түсетін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шабыт» шығармашыл жастар фестиваліне өтінімдер қабылдау басталды

Биыл байқау «Классикалық музыка», «Халық музыкасы», «Эстрадалық вокал», «Хореография» және «Журналистика» аталымдары бойынша өтеді.

Ұйымдастыру комитетінің шешімімен «Классикалық музыка» номинациясында келесідей ішкі номинациялар болады: «Үрмелі ағаш аспаптар», «Мыс үрмелі аспаптар», «Соқпалы аспаптар», «Камералық ансамбль».

«Халық музыкасы» номинациясында жеңімпаздар «Қобыз», «Прима қобыз», «Шертер», «Бас шертер», «Прима домбыра» аталымдары бойынша анықталса, «Хореография» номинациясында тек халық биін орындаушылар өнер көрсетеді.

Ал «Журналистика» номинациясына екі бағыт қосылды - «Телевидение» және «Интернет ресурстар». Айта кетейік, «Журналистика» «Шабыт» фестивалінің бағдарламасында соңғы рет 6 жыл бұрын болған. Биыл Астананың 20 жылдығын мерекелеуге орай аталған номинация қайта енгізілді. Байқауға мерейтойлық датаға және елордаға арналған телевизиялық бағдарламалар, деректі фильмдер (хронометражы 20 минуттан аспайтын) және Интернет ресурстардағы жарияланымдар қатысады.

Биыл байқау 5-9 қараша аралығында Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді. Өтінімдерді қабылдау 25 қазанға дейін жалғасады.

«Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалі биыл 21-ші рет өткізіледі. Осы күнге дейін өнердің түрлі жанрында 10 мыңнан астам адам қатысты. Әр жылдары фестивальдің бас жүлдесі танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовқа, ақын Қалқаман Саринге, балет артисі Әйгерім Бекетаеваға, опера әншісі Айгүл Ниязоваға, «Меломен» тобына, Аша Матайға, белгілі әнші әрі композитор Қайрат Баекеновке және басқа да атақты тұлғаларға табысталған болатын.

Еске салайық, өткен жылы «Шабыт» ХХ Халықаралық шығармашыл жастар фестивалінде Қазақстан Республикасы Президентінің кубогын скрипкашы Жібек Мусургалиева жеңіп алды.

Әр номинация бойынша қатысу шарттарын www.shabyt.astana.kz және Астана қаласы мәдениет және спорт басқармасының www.madeniet-sport-astana.kz сайттарынан білуге болады.