«Шадрин» сүтіне сәйкестік сертификаттарын берген құзырлы органдар әкімшілік жауапқа тартылды - Индустрия вице-министрі
АСТАНА. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - «Ресей аумағында сатылуға арналмаған» таңбасы бар «Шадрин» сүтінің 1 миллионнан астам данасы қазақстандық дүкен сөрелерінен алынды. Өнім сәйкестік сертификаты жаңадан берілгеннен кейін ғана сатыла бастайды. Бұл туралы бүгін өткен брифингте ҚР Индустрия және сауда министрлігі Техникалық реттеу және метрология жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Ержан Аманияз мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сыртқы қаптамасында «Ресей Федерациясының аумағында сатылуға арналмаған» деген жазуы бар «Шадрин» сүтінің айналасындағы дау-дамай өткен жылдың қазан айында басталды. Индустрия министрлігі өнімнің Қазақстанның заңнамалары мен техникалық регламенттеріне қаншалықты сәйкес келетіндігіне жіті тексеріс жасады. Ақырында, ресейлік өнімді Қазақстан аумағында сатуға тыйым салды. Ал жуырда Техникалық реттеу және метрология жөніндегі комитеттің (ТРМЖК) аймақтағы департаменттері, аталмыш сүттің сатылуына рұқсат қайта берілгендігі туралы мәлімет таратты.
Е.Аманияз бүгінгі брифингте департаменттердің таратқан ақпараты шындыққа жанаспайтынын және олар бұл үшін жауапқа тартылғандығын мәлім етті.
Е.Аманияздың айтуынша, сүтке жүргізілген тексеріс нәтижесінде бірнеше бұзушылықтар анықталған. Мәселен, өнімнің таңбалануында кәсіпорынның заңды мекен-жайы көрсетілмеген, екіншіден, «питьевое» сөзі мемлекеттік тілге аударылмаған. Үшіншіден, қаптамада өнімнің қандай шикізаттардан жасалғандығы жазылмаған. Ал сүттің сапасында Комитет өкілінің сөзіне қарағанда, еш кінәрат табылмады.
Аталған бұзушылықтардың анықтаулына байланысты Қазақстан аумағында өнімді сатуға тыйым салынып, жалпы сомасы 102 миллион 517 мың теңгенің 1 миллионнан астам дана сүт қалбыры дүкен сөрелерінен алынды. Ал Ресейлік тауардың Қазақстандағы өкілдігі - «Юнимилк Қазақстан» ЖШС анықталған кемшіліктерді жоюы тиіс. Индустрия министрлігі кемшіліктер жойылғаннан кейін де аталмыш өнімді сараптамаға қайта алмақ. Бұдан кейін ЖШС өнімге сәйкестік сертификатын жаңадан алуы тиіс болады.
Е.Аманиязов, ресейлік өндірушілер өндіріп отырған өнімдерінің сыртына «РФ аумағында сатылуға арналмаған» таңбасын неліктен бастырғанын да түсіндіріп өтті. Мәселен, аталмыш таңбалары бар өнімнің Қазақстан аумағына әкелінгеннен біраз уақыт бұрын, Ресейде сүт өндірісінде құрғақ және қайта қалпына келтірілген сүтті пайдаланушыларға қатысты техникалық регламенттер күшейтілген. Яғни егер өнім аталған екі шикізаттан жасалған болса, оның қаптамасында ол көрсетілуі тиіс. Табиғи сүттердің жанында бәсекеге төтеп бере алмай, өз сатып алушыларын жоғалтқан ресейлік кәсіпкер, қайта қалпына келтірілген сүттен дайындалып отырған «Шадрин» сүтінің қаптамасын өзгертіп, эскпорттан пайда табуды көздейді.
Ал өнімнің қаптамасындағы бұзушылықтарды көре тұра, оған сәйкестік сертификатын берген органдар мен ҚР Индустрия министрлігінің үш аймақтағы департаменттері, Е.Аманияздың айтуынша, әкімшілік жауапқа тартылды.
Сондай-ақ оның сөзіне қарағанда, регламентке сәйкес келмейтін «Шадрин» сүтін тек ірі сауда орталықтарының сатылымынан алып тастауға мүмкіндік бар. Себебі, республика бойынша бұл мәселемен айналысатын тек 176 инспектор ғана бар. Сондықтан кіші-гірім дүкендерде өнімнің саудасы жалғаса бермек.
Айта кетерлік тағы бір жәйт, Индустрия министрлігі биыл, күмән туғызатын таңбалары бар импорттық тауарларды, оның ішінде балалардың ойыншықтарын, киім-кешектер мен құрылыс материалдарын, барлығы өнімнің 5 мың түрін сараптаудан өткізуді көздеп отыр.