Шағын бизнестегі мораторий алынғанымен, тексерулер екі есе азаяды – Әлібек Қуантыров

1 қаңтардан бастап бизнес нысандарына тексеруді жасанды зейін тағайындай бастайды. Ұлттық экономика министрі 2025 жылы күшіне енетін Салық кодексін талқылаған жиында шағын бизнесті тексеруге қойылған мораторий күшін жойғанымен, тексерулер бұрынғыдай көп болмайтынын айтты, деп хабарлайды Kazinform.

экономика министрі
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

«Шешім шығып қойды ғой. Шағын және микро бизнесті тексеруге қойылған мораторий былтыр ұзартылған. Негізі былтыр бітуі керек еді. Бір жылға ұзартылды. Яғни, биыл бітеді. Былтыр жыл бойы Үкімет бизнеспен, сарапшылармен бірге бизнеске қатысты құқықтық-нормативтік актілерді сараптап шықты. 25 мың актідегі 128 мың талапты талдадық. 10,1 мың талапты тиімсіз, өзектілігі жоқ деп таныдық. Заңдарға қосымша 9 мың талапты алып тастадық. Тағы 1 мың талап қалды, қазір Мәжілістің қарауында жатыр. 1 қаңтардан бастап олар да күшін жояды», - деді министр.

Оның сөзінше, 1 қаңтардан бастап бүкіл салада сын-қатерлерді басқару жүйесі енгізіледі.

«Бұл не деген сөз? Тексерулер адамның қатысынсыз тағайындалады. Яғни, автоматтандырылады. Тіпті кейбір тұста жасанды зейін элементтері іске қосылады. Олар сын-қатерлердің түріне қарай тексерулер тағайындайды. Демек, тексерулер азырақ болады. Тексерулердің санын 2 есе азайту жоспарланып отыр. Сәйкесінше, айыппұлдар саны да азаяды», - деді Әлібек Қуантыров.