Шағын ауылға қызмет көрсететін байланыс операторына субсидия берілуі мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада ақпарат, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және мемлекеттік қызметтерді көрсету салаларын дамыту мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес отырысы өтті.

Шағын ауылға қызмет көрсететін байланыс операторына субсидия берілуі мүмкін

Аталған кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтановтың төрағалығымен өткен жиын барысында  қала мен ауылда ұялы байланысты дамытудың өзекті мәселелері, 1414 бірыңғай байланыс орталығының қызметі, ашық үкіметті дамыту жайы қаралды.

Бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған қоғамдық кеңес мүшесі Дулат Оразалиновтың айтуынша, Қазақстан халқын толықтай кеңжолақты интернетпен және ұялы байланыс қызметімен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар.

«Бүгінгі күні Қазақстан халқының 4 пайызын қоспағанда барлық елді мекендерде 2G деңгейінде ұялы байланыс бар. Ұялы байланыс операторлары тұрғындары мың адамнан асатын ауылдарға жетті. Ендігі уақытта тұрғындары 500-ден асатын ауылдарды 2020 жылға дейін ұялы байланыспен қамту міндеттемемін алып отыр. Бұл аталған ауылдардың барлығы 2G деңгейлі ұялы байланыспен қамтамасыз етіледі дегенді білдіреді», - деді ол.

Қоғамдық кеңес мүшесінің сөзіне қарағанда, ұялы байланыс операторлары ауылдық жерлерді байланыспен қамту барысында шығынға батты. Себебі ауыл кез келген ұялы байланыс операторына шығын әкеледі. Сондықтан 2004 жылы Байланыс туралы еліміздің заңында субсидиялау тетіктері  көзделді. Бүгінде бұл тетік өзінің міндетін толықтай ақтап отыр. Демек, ауылдарды субсидиялауды алып бастап, еркін бәсекелестікті енгізуге болады.

«Дегенмен, 50-100 адам тұратын шағын ғана елді мекендер бар. Ал мұндай ауылдарда байланыс жоқ. Тіпті, байланыс болса да оларға субсидия бөлу қажет. Өйткені ол жерде бәсекелестің болуы мүмкін емес. Халқы 500 адамнан асатын ауылдар - ұялы байланыс операторларының лицензиялық міндеттемелері. Сондықтан оларға субсидия бөлудің қажеті жоқ», - деді Дулат Оразалинов.