Шағын авиация саласында әуе паркін жаңарту және кадрлар мәселелерін шешу қажет

АСТАНА. Қазанның 16-сы. ҚазАқпарат. Өткен аптада ҚР Көлік және коммуникация министрлігінде көлік ведомствосының басшысы Әбілғазы Құсайынов отандық шағын авиацияны дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді,

Шағын авиация саласында әуе паркін жаңарту және кадрлар мәселелерін шешу қажет

деп хабарлады ККМ баспасөз қызметінен.

Кеңесті ашқан министр, бұл кездесудің аталған саладағы шешілмеген мәселелерді шешу жолдарының бірі екендігін атап өтті. Өйткені, шағын авиацияның ауыл шаруашылығы сияқты еліміздің маңызды секторындағы маңызы зор.

Кеңеске қатысушылар алдында сөз сөйлеген Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Рәділбек Әдимолда өткен ғасырдың 70-80 жылдары Қазақстанда шағын авиация қатарында Ан-2, Як-12, Морава сияқты ұшақтардың саны 700-ге жуық болғанын атап өтті. Жергілікті әуе қатынасын 400-ден аса аэродром қамтамасыз етіп отырды. Кейбіреулерінде жасанды ұшу-қону жолағы, дамыған инфрақұрылым, бақылау-диспетчерлік пункттері мен метеостансалары болған. Кез келген облыстық әуежайдан алыс аудандарға күніне 10-15 рейс жасалынатын. Санитарлық авиация қызметі күнделікті жұмыс істеген.

Қазіргі кезде жағдай басқаша: 355 ұшақтан тұратын парк болғанмен, ұшу географиясы біршама қысқарды. Авиакомпаниялардың көрсететін қызметтері көбейгенмен, негізінен авиациялық-химиялық жұмыстарына тартылады (ауыл шаруашылығы мамандарының мәліметтері бойынша, авиациялық-химиялық жұмыстарын, әсіресе, отау және құнарландыруды өткізу нәтижесінде дәнді дақылдардың өнімділігін 35 пайызға өсіреді). Жұмыс болмаған соң, авиапарктің сапасы да төмендей түсті.

Азаматтық авиация комитеті өкілдерінің пікірінше, шағын авиацияны одан әрі дамытуға біріншіден Қазақстан Республикасының «Әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі жөнінде» жаңа Заңын қабылдау әсерін тигізеді. Бұл Заңның жобасы қазіргі кезде Парламент Мәжілісі жұмыс тобының қарауында.

Сонымен қатар, 2009-2011 жылдарға Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласын дамытуға арналған кешенді шаралар жоспарына сәйкес аймақтық әкімдіктермен бірлесіп Қазақстан Республикасының шағын авиациясын дамыту концепциясын әзірлеу жоспарланып отыр. Оны қалыптастыруға авиакомпаниялар, оқу орталықтары мен орындары және қауымдастықтар қатысуға шақырылды.

Пікір алысқан  соң, кеңеске қатысушылар отандық шағын авиацияны дамытуға бағытталған ұсыныстар қабылдады. Ұсыныстардың қатарында әуе кемелері паркін жаңарту, нақты қажетті авиамаршруттар мен тиісті аэродромдарды анықтап жергілікті авиатасымалға  сұранысты зерттеу мәселелері бар. Сонымен қатар, республикамыздың аймақтарында ұшу және техникалық мамандарды дайындау және қайта дайындау орталықтарын, сонымен қатар шағын авиациядағы әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету орталықтарын ашу мүмкіндіктерін қарастыру қажет. Сондай-ақ,  кеңеске қатысушылар Қазақстанда ауыл шаруашылына арналған ұшақтарын жинау кәсіпорнын ашу мәселесін зерттеу қажет деген пікірге келді.