Шағын футбол жеңімпазы - Астана қалалық ІІД

АСТАНА. Шілденің 27-сі. ҚазАқпарат - Екі күнге созылған шағын футболдан жарыста Астана қаласының Ішкі істер департаменті бірінші орынды жеңіп алды,

Шағын футбол жеңімпазы - Астана қалалық ІІД

деп хабарлайды аталмыш ведомствоның баспасөз қызметінен Әйгерім Мұханова.

«Халық денсаулығы - ол Қазақстанның өзінің стратегиялық мақсаттарына жетудегі табысының ажырамас құрамдас бөлігі», деп Мемлекет басшысы Н.Назарбаев биылғы дәстүрлі Жолдауында атап өткеніндей, дене шынықтыру мен спорт салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастарды рухани тәрбиелеу - азаматтардың денсаулығын жақсартудағы ең маңызды құралдардың бірі. Осы ретте таяуда «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамында ҚР Ішкі істер министрлігі, Астана қалалық Ішкі істер департаменті, ҚР Ішкі әскер комитетінің және тағы да басқа елорданың құрылымдық мекемелерінен 10 команданың қатысуымен шағын футболдан жарыс өткізілді. Бұл шараның мақсаты - Елбасының биылғы Жолдауы аясында бұқаралық спортты дамыту.

«Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының төрағасы, Астана қалалық ІІД Кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Рүстем Калин жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, «Адамның өмірлік күші немесе өмірлік қуаты деген түсінік бар. Оның деңгейі адамның денсаулығына, психологиялық ахуалына және көңіл күйіне, жалпы ішкі жан-дүниесіне тәуелді болады. «Дені саудың - жаны сау». Егер адам әр уақытта дене шынықтырумен айналысып, өзінің денсаулығын түзету үшін түрлі спорт жаттығуларын орындап отырса, ол тек дені сау болып қана қоймай, өмірдің барлық саласында табысты болуына мүмкіндік жасайды» - деді.

Ойынның алғашқы күні елордалық гарнизон футболшылары Астана қалалық Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті командасын еш қиналмастан жеңіп, көрермендердің көңілінен шықты.

Ал ойынның қорытынды екінші күнінде астаналық Ішкі істер департаменті ҚР Ішкі істер министрлігімен ойын алаңына шығып, астаналық департамент 3-0 есебімен жеңіске жетті.

Жарыс соңында жеңімпаздар грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.