Шағын футболдан «Түркі кубогі» турнирі өтті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласында Түркі ынтымақтастығы күніне және Түркі мемлекеттері тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай шағын футболдан «Түркі кубогы» турнирі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шағын футболдан «Түркі кубогі» турнирі өтті

«Астана-Арена» стадионында өткен былғары доп додасына Нұр-Сұлтан қаласында Әзербайжан, Қырғызстан, Мажарстан, Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан елшіліктерінің, халықаралық ұйымдардың, атап айтқанда Халықаралық Түркі академиясы, Азық-түлік қауіпсіздік ислам ұйымы (IOFS), Азиядаға өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (СICA) және Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің құрама командалары қатысты.

Халықаралық Түркі академиясы және ҚР Сыртқы істер министрлігі ұйымдастырған Турнир қорытындысы бойынша бірінші орынды Мажарстанның Қазақстандағы елшілігі, екінші орынды ҚР Сыртқы істер министрлігінің және үшінші орынды Халықаралық Түркі академиясының командалары иеленді.

Айта кету керек, Түркі кеңесі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, Түркі кеңесінің Құрметті төрағасы Н.Назарбаевтың бастамасымен 2009 жылы 3 қазанда құрылды.

Бұл тарихи күн «Түркітілдес елдердің ынтымақтастық күні» ретінде аталып өтеді. Халықаралық ұйымның штаб-пәтері Ыстанбұл қаласында орналасқан. Ұйымға Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан елдері мүше, ал Мажарстан бақылаушы мәртебесіне ие.