«Шағын мемлекетімізді қорғай аламыз ба?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 29 шілде, сейсенбі күнгі республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Шағын мемлекетімізді қорғай аламыз ба?» - баспасөзге шолу

*** «Көркімен де, сәнімен де, саяси сындарлы іс-әрекеттерімен де әлемге танылып үлгерген Астанамыздың дамуы барша қазақстандықты қуантып отырғаны ақиқат. Бұл орайда, Елбасы еліміздің барлық қалалары бой түзейтін, ауыл-аймақ сүйсіне қарайтын астанамызды одан әрі аялауға, онда тұрып жатқан көптеген елордалықтарды қаланың нағыз қожайыны болуға, көше, аулаларды таза ұстауға шақырды. Дегенмен, бұл үндеуге бірқатар жандардың қосылуға мойны жар бермей ме, әлде, теріс ниетті тәрбиеленгендер ме белгісіз, әйтеуір, немқұрайды қарайтындығы соңғы кезде анықталып отыр», - деп жазады « Егемен Қазақстан » газеті. Басылымның жазуынша, таяуда елордада 18 құқық бұзушыға бірден сот болып, ол ашық өтті. Әлгі сотқа тартылған жандардың бәрі ұсақ құқық бұзушылыққа барғандар екен. Оның үстіне бұл сот отырысы орта мектептің бірінде болды және оған сол аудандағы жағдайға немқұрайды қарамайтындар шақырылып, процес өзін өзі тану кабинетінде ұйымдастырылды. Мақала « Қоғамның қоқысы жаппай жұмылғанда жойылады » деген тақырыппен берілген.

« Егемен Қазақстан » газетінің бүгінгі санында Маңғыстау ауданының әкімі Жармағанбет Айтуаровпен арадағы сұхбат « Жол жағдайы жіті назарда » деген тақырыппен берілді. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген аудан басшысы: «Аудан орталығы Шетпе ауылы бойынша жылына 3-4 шақырым жолды асфальттау соңғы жылдары үрдіске айналды. Биыл Шетпе ауылындағы Мақаш, Орталық, Қарашоқы-1 шағын аудандарына автокөлік жолдары салынды. Қаржы бөлінген Жыңғылды ауылішілік автокөлік жолының құрылыс жұмыстары жуырда басталмақ. Сондай-ақ, Шетпе ауылынан 50 орындық автобекет құрылысы мен Қызан ауылішілік автокөлік жолдарының құрылысы жұмысының жобалық-сметалық құжаттамалары дайын. Ал Шайыр және Өтес ауылішілік автокөлік жолы жұмысының жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталуда. Болашақта жалпы аудан бойынша жылына бір-екі ауылдан автокөлік жолдарын асфальттауды жоспарлап отырмыз», - дейді.

***

«Соңғы ондаған жылдардан бері әлем ғалымдарының назарын аударып отырған бір нәрсе бар: Қытайдың Сычуань провинциясындағы Янсы селосы тұрғындарының 40 пайызы ергежейлілер болып шықты. Олардың бойының ең ұзыны - 1 метр 17 сантиметр, ал ең төмені - 64 сантиметр», - деп жазады « Айқын » газеті « Ергежейлілер мекені » қай жерде? » деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, Янсыға бұл тажал қайдан келді, жергілікті қарттардың айтуына қарағанда, бәрі осыдан 60 жылдан астам уақыт бұрын басталған. Бір күнде басталған тосын келген сырқаттың сыры анықталған жоқ. Оқыс келген ауру сол жылы 5-7 жастағы балаларға қатты әсер еткен, жалпы, бұл жастағы сәбилер өсімтал келеді емес пе?! Ал олар өсімін тоқтатқан, сырын білдірмеген ауру ақыры осы елді мекендегі ұлттың физикалық өсуін тоқтатқан. Қытай ғалымдары мұның себеп-салдарын іздеген: сарапшылар от пен суды, жейтін тағамдарды да тексеріп көрген. Алайда қолға ілінер, көзге көрінер еш дәлел мен дәйек таппаған.

Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвилидің анасы Гиули Анасания: «Біздің жеңісіміз де, жеңілісіміз де - отбасыдан басталады» деген еді. Жеңістің де, жеңілістің де отбасыдан басталатын жөні бар. Өйткені отбасы - шағын мемлекет. біз шағын мемлекетті, яғни отбасы құндылығын сақтай алып жүрміз бе? Дәл осы мәселені көтерген мақала « Айқын » газетінің бүгінгі нөмірінде « Шағын мемлекетімізді қорғай аламыз ба? » деген тақырыппен берілген. «Отбасының басты қызметі неде? Бала тәрбиелеу емес пе? Ендеше, отбасы дегеніміз де - жалпы тәрбиенің басты бөлігі. Ата-ана және отбасы мүшелері жас нәресте дүниеге келген күннен бастап, оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды және оның сапалы азамат болып өсуіне жағдай жасайды. Мұның ішінде баланың қажеттілігін толық қанағаттандыру, оны дене және ой еңбегіне үйрету, адал болуға тәрбиелеу, жамандықтан жирендіру емес пе? Баланың бойына сіңірілетін мәдени құндылықтар мен адамгершілік қасиеттері ең алдымен ата-ана арқылы дарымайтын ба еді. Олай болса, отбасы құндылығын сақтай алмаған ана мен әкеден не қайыр күтеміз?», - дейді мақала авторы.

*** «Қасиетті Рамазан айы аяқталар түннің алдында Алматы облысындағы мешітті жергілікті тұрғын тонады», - деп жазады «Экспресс-К» газеті «Ничего святого» деген тақырыппен шыққан мақаласында. Басылымның атап өтуінше, құқық қорғау органдары қылмыскерді ізін суытпай қолға түсірген. Өңірлік ІІД-нің мәліметтеріне сәйкес, сұғанақ қол азамат Жамбыл ауданының 23 жастағы тұрғыны болып шықты. Ішімдікке сылқия тойған ол түн жамылып, мешіттің ауласына кіріп, ғимараттың пластик терезесін бұзып ішке кірген және залдағы пітір садақа салынатын жәшікті алып кеткен. Қылмыскер ұрланған қаржының бір бөлігін ішімдік пен тіскебасарға жұмсаған, ал қалған бөлігін полицейлер мешітке қайтарды. Дегенмен, мешіт қызметкерлері де садақаға қанша қаржы түскенін білмейді.

***

«Время» газетінің жазуынша, Украинадағы оқиғалардан кейін Павлодар облысында тауық құны күрт артып, дүкен сөрлерінен жұмыртқалар көзден бұл-бұл ұшқан. Басылымның жазуынша, осыдан екі апта бұрын ғана Шарбақты ауданындағы әлеуметтік дүкенде тауықтың келісі 580 теңге болса, бүгінде ол 720 теңгеге қымбаттап отыр. Ал жұмыртқа тіпті сатылымда жоқ. Дүкен сатушысының сөзіне қарағанда, тауық фабрикасының өнімдерін ресейліктер сатып алып жатқан көрінеді. Мақала «Куриный переполох» деген тақырыппен берілген.