Шағын орта бизнесті дамытамыз – Маңғыстау әкімі жаңаөзендіктерді жұмыспен қамту жайында

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жаңаөзен қаласында шағын және орта бизнесті дамыту қолға алынады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Маңғыстау облысы әкімі Серікбай Трұмов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шағын орта бизнесті дамытамыз – Маңғыстау әкімі жаңаөзендіктерді жұмыспен қамту жайында

«Жыл басында жұмысқа орналасуға қатысты көшеге шыққан азаматтар болды. Облыстық әкімдік пен Үкімет байланыс жасап отыр. Қазір «Өзен-Инвест» МКК жанынан 350 орындық жұмыс орны ашылды. Одан бөлек «Таза су» кәсіпорны құрылып, 90 адамға жұмыс орны ашылды», - дейді Серік Трұмов.

Оның айтуынша, Жаңаөзен қаласында жұмыспен қамтуға байланысты мәселелер мұнай саласында жұмыс істегісі келетін адамдар арасында болған.

«Жаңаөзен қаласында 155 мың тұрғын бар. Оның ішінде жұмысқа қабілетті адам саны - 77 мың. «ӨзенМұнайГаз» компаниясында 15 мың адам жұмыс істейді. Бәрін осы салада жұмыспен қамту мүмкін емес, сондықтан біз «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып шағын, орта бизнесті дамытуға байланысты жұмыстарды қолға алдық», - дейді ол.

Еске сала кетсек, әкімнің айтуынша Маңғыстау облысында биыл 1,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.