Шағын және орта бизнестегі франчайзингтің үлесі 2015 жылға дейін 35 пайызға жетеді - ҚР Франчайзинг қауымдастығының төрағасы
Бұл бүгін Алматыда «Франчайзинг - өзектілігі, проблематикасы, шешу жолдары» деп аталатын республикалық конференцияда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанда франчайзингтің дамуындағы алғашқы толқын 10 жылға созылды. Бұл уақытта мемлекет тарапынан арнайы заң қабылданып, Қазақстан зияткерлік меншікті қорғауға байланысты бірқатар халықаралық конвенцияларға қосылды. Арнайы әдебиеттер шығарылып, аймақтарда семинарлар ұйымдастырылды. Енді ҚР Франчайзинг қауымдастығы алдына мынадай міндеттер қойып отыр. Бес жылда шағын және орта бизнестегі франчайзингтің үлесін 3-тен 35 пайызға дейін жеткізу. Ал қазақстандық франчаизингтердің санын 100-ге жеткізу», дейді ҚР Франчайзинг қауымдастығының төрағасы Вячеслав Сидельников. Бұған 2010-2015 жылдарға арналған франчайингті қолданып шағын және орта бизнесті дамытудың кешенді шаралары мүмкіндік бермек. Бұл бағдарламада кәсіпкерлікті дамытуға қатысты барлық мүдделі тараптардың нақты жоспары жасалады деп жоспарланып отыр.