Шах-Шах шатқалы: динозаврлар дәуірінен жеткен мұра

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Өткен күзде Қызылорда облысы Қармақшы ауданының орталығынан солтүстікке қарай 90 шақырым жерде орналасқан Шах-Шах шатқалынан ежелгі жануардың қалдықтары табылған болатын. Археологтар алдын ала деректер бойынша оның мезозой дәуірінің бор кезеңінде өмір сүрген динозаврдың сүйегі болуы мүмкін екенін айтты. 

в
Фото: Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі

Бор дәуіріне тиесілі омыртқалы жануарлардың қазба қалдықтары ел аумағының бірқатар құрлықтық стратиграфиялық қабатынан табылған.

л
Фото: Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі

- Солардың ішінде ең белгілісі әрі жан-жақты зерттелгені — Арал теңізінің солтүстік-шығысында жүздеген шақырымға созылып жатқан Бозтөбе формациясы.1956 жылы Бозтөбе формациясындағы Шах-Шах шатқалынан орыс палеонтологтары К.В.Никифорова мен Н.А.Константинова алғашқы омыртқалы жануарлар, соның ішінде тасбақа, крокодил тәрізді және динозаврлардың қазба қалдықтарын жинаған. 1957 жылы Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясының Палеонтология институтының А.К.Рождественский жетекшілік еткен экспедициясы Шах-Шахта ауқымды қазба жұмыстарын жүргізді.1961-1964 жылдар аралығында Алматыдағы Зоология институтының қызметкері Т.Нұрымовтың жетекшілігімен Шах-Шах аумағын зерттеу жалғасты. 1977 жылы палеонтолог П.В.Шилин Шах-Шахтың солтүстігінде Аққорған мекенін ашты. Ал Л.А.Несов Бозтөбе формациясынан бірнеше жаңа омыртқалы жануарлар мекендерін (соның ішінде Бөріойнақ, Бәйбіше және Егізқара) анықтады. 1980, 1982 жылдары Жеркіндік формациясынан алғашқы омыртқалы қалдықтарды (Түлкілі) тапты. Қосымша омыртқалы жануарлардың қазба қалдықтары, оның ішінде микрожануарларға жататын үлгілер, 1995 жылы қазақ-американ экспедициясы барысында палеонтологиялық материалдар жинақталды. 2012 жылы Санкт-Петербург қаласындағы Ресей Ғылым академиясына қарасты Зоология институты ұйымдастырған экспедиция қосымша үлгілерді топтастырды. 2007 және 2012 жылдары Шах-Шах және Түлкілі мекендерінде ауқымды елеу-жуу (screen-washing) жұмысы жүргізіліп, нәтижесінде көптеген микрожануардың, соның ішінде сүтқоректілердің қалдықтары табылды, - деді облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Асхат Сайлау.

 

л
Фото: Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі

1968 жылы КСРО палеонтологы Анатолий Рождественский Қызылорда облысындағы Арал теңізінің солтүстік шығысындағы Бозтөбе шатқалы маңындағы Шах-Шах шатқалынан сенсациялық жаңалық тапты. Бұл мезозой эрасының бор кезеңіне (сантондық және кампандық кезеңдердің шекарасы) жататын динозаврдың сүйектері еді. 

л
Фото: Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі

- Табылған қалдықтардың ішінде негізінен бас сүйегінің артқы жартысы (төменгі жақсүйегі жоқ) және кейбір дене сүйектері (мысалы, иық сүйегі, жамбас сүйектері, аяқ сүйектері) болды. Бұл археологиялық олжа өз уақытында айрықша жаңалық ретінде тарады. Себебі, жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл бұған дейін ғылымға белгісіз динозавр түрі еді. Сол себепті ғалымдар оны «Аралозавр» (Aralosaurus tuberiferus) деп атады. Аралдан табылған олжа «Арал теңізінің алып кесірткесі» деген атаумен ғылыми айналымға енді. Аралозавр – гадрозаврлар тұқымдасына (Hadrosauridae) жататын шөпқоректі динозавр. Оның ұзындығы шамамен 8-10 метр, биіктігі 3-4 метр деп есептеледі. Бас сүйегінің ерекшелігі сонда, мұрын бөлігіндегі қуысты өсінділер дыбыс шығару немесе жұптасу рәсімдері үшін қолданылған болуы мүмкін. Табылған сүйектердің фрагменттеріне қарағанда бұл динозавр өз заманындағы ең алғашқы ламбеозавриндердің (Lambeosaurinae) бірі болған, - деді өлкетанушы.

л
Фото: Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі

Шах-Шах кешенінен табылған (93-86 млн жыл) тіршілік иелері, өсімдіктердің қалдығы және Аралозаврдың реконструкциясы бүгінде музей төрінде тұр. Мамандар Шах-шах палеонтологиялық кешені ғылыми туризмнің жаңа бағыты болатынына үміт артып отыр.

д
Фото: Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі

- Алдағы уақытта бұл орыннан тарихи парк ұйымдастыру ойымызда бар. Ол үшін еліміздің Мәдениет және ақпарат, Экология және табиғи ресурстар министрліктері, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті жұмыс атқаруы тиіс.

Табылған жәдігерлерді зерттеген ғалымдар олардың қай кезеңде өмір сүргенін нақ¬ты¬лап, қорытынды шығарды. Бұл кешен қазірге дейін әлем ғалымдары тарапынан жоғары бағасын алып келеді. Олар тарихи кешенге арнайы келіп, зерттеу жұмысын қолға алады деген ойдамыз. Сондықтан алдағы уақытта бұл орын қалың жұрт¬шылық жиі келетін туризм орталығына айналады деген үміттеміз, – деді Асхат Сайлау.

л
Фото: Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі

Биыл қыркүйекте халықаралық ынтымақтастық аясында Шах-Шах палеонтологиялық кешеніне Қазақстан және АҚШ ғалымдарының бірлескен экспедициясы ұйымдастырылмақ. Оған музей қызметкерлері де қатысады деп күтіліп отыр. 

л
Фото: Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі

Ал жуырда қытайлық палеонтолог мамандар шамамен 120 млн жыл бұрын өмір сүрген қауырсынды динозаврдың жаңа түрін сипаттады.

д
Фото: Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі
л
Фото: Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі
л
Фото: Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі
л
Фото: Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі