Шахан оқиғасына қатысты жаңа күдікті пайда болды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының арнайы прокурорлар басқармасы Шахан кентіндегі бірнеше адамның қаза болуына себеп болған қазандықтың жарылу оқиғасына байланысты бес қабатты үй комитетінің төрағасына қатысты тергеу амалдарын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Күдікті Мұрат Сүлейменов ҚР ҚК 306-бабы «Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету» бойынша айыпталуда», -  деді арнайы прокуратура.

Естеріңізге сала кетейік, Шаханда 1-ші қаңтарда қайғылы оқиға орын алған болатын. Жертөледе орналасқан жылыту қазандығының жарылуы салдарынан бес қабатты үйдің бір бөлігі құлаған еді. Үйіндінің астында 9 адам қайтыс болды, оның үшеуі бала. Екі зардап шегуші ауруханаға жеткізілді. Сол түні кезекте болған пеш жағушы төтенше жағдайдан соң ғайып болды. Біраз уақыттан соң оның қатып қалған мәйіті даладан табылған. 2005 жылдан бастап Шахан елді мекенінің тұрғындары орталықтандырылған қазандық салуды талап етіп келген. 2013 жылы жобалық-сметалық құжаттама құрылды, алайда қаржыландыру мәселесі ұзаққа созылып кеткен. Оқиғадан соң зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында жеке қайырымдылық қоры құрылды.

Оған 200 млн теңгеден астам қаржы түскен. Бұл қаражаттан қаза болғандардың туыстары мен зардап шеккендерге материалдық көмек және жоғалған мүлік құны өтелді. Сонымен қатар қайырымдылық қоры үйді қайта қалпына келтіру жұмыстары мен модульдік қазандықтың құрылысына ақша бөлуді өз мойнына алды. Демеушілерден жиналған қаржыға баспанасыз қалған барлық тұрғындарға үй сатып алынды. Екі отбасы өз еркі бойынша пәтерлердің орнына ақшалай көмек алды. Шахтинск әкімдігі ТЖ қорынан апаттық-құтқару жұмыстарына 1,4 млн. теңге жұмсалды.

Соңғы жаңалықтар