Шахандағы қайғылы оқиға: Орталық қазандық құрылысына қаржы әлі бөлінбеген

«Қарағанды қаласынан 35 шақырым жерде орналасқан, Шахтинск қалалық әкімшілігіне қарасты 118 көпқабатты тұрғын үйі бар қала типтес Шахан кентінде қазіргі таңда 9 мыңнан аса халық тұрады. Халықтың 80 пайыздан астамын шахтерлар отбасы құрайды. Тоқырау жылдары - 1995 жылы жылу беретін орталықтандырылған жалғыз қазандықтан айырылып қалған Шахан кенті қазіргі уақытта тұрғындардың есебінен салынған шағын қазандықтардың көмегімен немесе «буржуйка» деп аталатын пештерді пайдаланып, көпқабатты үйлерді жылытып, амалдап отыр», - дейді депутат сауал хатында.
Сенатор осыған байланысты 2005 жылдан бастап Шахан елдімекенінің тұрғындары орталықтандырылған қазандық салуды талап етіп, 2013 жылы жобалық-сметалық құжаттама әзірленгенімен, қаржыландыру мәселесі шешілмегенін алға тартады.
«Осы тұста 2017 жылдың 1 қаңтарында қала халқын дүр сілкіндіріп, көпқабатты үйлердің біріндегі жертөледе орналасқан автономды жылу қазандығы жарылғанын еске саламын. Үйдің бір бөлігі опырылып құлап, 9 адам қаза тапты, 2 тұрғын жарақат алды. Бұдан әрі мұндай қайғылы оқиғаны болдырмай, кент тұрғындарын кепілді және арзан жылумен қамтамасыз ету үшін орталықтандырылған қазандық салу қажеттігі туындап отыр. Осы маңызды мәселені шешу үшін қазір Шахандағы орталық қазандық пен жылу жүйесінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама қайтадан әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының сомасы 2 млрд 232,0 млн теңгені құрайды», - дейді Рысқали Әбдікеров.
Депутат осыған орай, жобаны іске асыру Шахан кентінің тұрғындарын орталық жылу жүйесімен қамтамасыз етуге және қауіпсіз өмір сүруіне мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Сондай-ақ, қазандық құрылысы кенттегі тұрғын үй қорын сақтап, оның дамуына ықпал етеді, адамдардың өмір сүру деңгейін және санитарлық-экологиялық жағдайын жақсартады. Осы айтылған мәселенің ерекше маңыздылығын ескере отырып, Шахан кентіне салынатын орталық қазандық құрылысына қажетті қаржы бөлдіруге ықпал етуіңізді сұраймыз», - дейді сенатор.
Еске сала кетсек, 2017 жылдың 1 қаңтары күні түнге жақын Қарағанды облысы, Шахтинск қаласының Шахан кентінде көпқабатты үйдің бір бөлігі опырылып құлады. Үйінділерді тазартуға 280 адам жұмылдырылды, олардың қатарында құтқарушылар, полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар, жедел медициналық жәрдем бригадасы, Ұлттық ұланның 52859 әскери бөлімінің ауыр техникасы және жеке кәсіпкерлер болды. 9 адам мерт болды. Қайғылы оқиғаға тұрғын үйдегі қазандықтың жарылуы себеп болған.
Кейін Қарағанды облысының әкімдігі Шахандағы орталық қазандық құрылысы туралы жаңартылған құжаттар пакетімен Ұлттық экономика министрлігіне жүгініп, республикалық бюджеттен 2 миллиард 800 миллион теңге сұраған болатын.
«Орталық қазандық құрылысының құны - 2 миллиард 800 миллион теңге. 2014 жылғы жобалық-сметалық құжаттама дәл осы сомаға құрылған», - деп хабарлаған еді Қарағандыда өткен брифингте Шахан қаласының әкімі Сержан Аймақов.
Аймақовтың айтуынша, елді мекенге орталықтан жылытатын қазандық керек.
«Шаханда 107 үй кішкене пешпен жылынып отыр. Ондай пештер тұрғындар өмірі үшін аса қауіпті», - деген болатын әкім.
Ресми деректер бойынша, Шаханда 14 автономды жылыту жүйесі бар, олар 14 көпқабатты үйді жылытады және жертөледе орналасқан.