Шахандағы қайғылы оқиғаға қатысты 5 лауазымды тұлға қылмыстық жазаға тартылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шахан кентіндегі бірнеше адамның қаза болуына себеп болған қазандықтың жарылуына қатысты қылмыстық істің тергеу жұмыстары аяқталды. Жақын арада бес лауазымды тұлға сот алдында жауап беретін болады, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.
None
None

Олар - кент әкімі Мұрат Жақыпов пен оның екі қызметкері және Шахтинск әкімдігінің екі қызметкері. Оларға ҚР ҚК 370-бабы 4 тарауы - «Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздік» бойынша айып тағылуда. Ол жайында Қарағанды облысы прокурорының тергеу және тергеу топтарын басқару бойынша көмекшісі Ғабиден Жиенбаев мәлімдеді.

«Қазіргі таңда Шахандағы жылыту қазандығының жарылуы фактісіне қатысты қылмыстық істің тергеуі аяқталды, іс сотқа берілу сатысында. Істің материалдарын процессуалды прокурор зерттеп жатыр. Аталмыш іс бойынша қылмыстық жауапқа 5 лауазымды тұлға тартылады: Шахан кентінің әкімі Мұрат Жақыпов, оның коммуналық мәселелер бойынша орынбасары Әкетай Нәжмиден, коммуналдық мәселелер бойынша бас маман Мария Жұмабекова, сондай-ақ Шахтинск қаласының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушы тасымалдау көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі бастығының міндетін атқарушы Алмас Омарханов пен Шахтинск ТКШ бөлімінің тұрғын үй секторының бас маманы Нұржан Маханбетов. Оларға «кепіл» бұлтартпау шарасы таңдалды», - деді Ғабиден Жиенбаев.

Оның мәлімдеуінше, тергеу барысында күдіктілер оларға тағылған кінәні мойындамаған.

«Істің материалдары бойынша олардың қылмыстық заңбұзушылыққа қатысы бар екені дәлелденді. Жылыту қазандығын пайдалануда болған ереже бұзушылыққа, құрылым нормалары мен ережерелінің бұзылуына қарамастан лауазымды тұлғалар ұзақ уақыт бойы еш әрекет етпеген. Ол олқылықтарды жою үшін ешқандай жұмыстар жасалмаған», - дейді арнайы прокурор.

Оның мәліметінше, бұл іс бойынша қаза болғандардың туыстары мен зардап шеккен11 адам жәбірленушілер деп танылған. Мемлекетке зиян келтірілген, себебі апаттың салдарын жоюға бюджеттен қаражат жұмсалды. Аталмыш бап бойынша айыпталушыларға 4-тен 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылу қылмыстық жазасы бекітілуі мүмкін.

«Амнистия болмайды, себебі олар заңның ол қолданысына түспейді», - деп түсіндірді Ғабиден Жиенбаев.

Естеріңізге сала кетейік, Шаханда 1-ші қаңтарда қайғылы оқиға орын алған болатын. Жертөледе орналасқан жылыту қазандығының жарылуы салдарынан бес қабатты үйдің бір бөлігі құлаған еді. Үйіндінің астында 9 адам қайтыс болды, оның үшеуі бала. Екі зардап шегуші ауруханаға жеткізілді. Сол түні кезекте болған пеш жағушы төтенше жағдайдан соң ғайып болды. Біраз уақыттан соң оның қатып қалған мәйіті даладан табылған.

2005 жылдан бастап Шахан елді мекенінің тұрғындары орталықтандырылған қазандық салуды талап етіп келген. 2013 жылы жобалық-сметалық құжаттама құрылды, алайда қаржыландыру мәселесі ұзаққа созылып кеткен.

Оқиғадан соң зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында жеке қайырымдылық қоры құрылды. Оған 200 млн теңгеден астам қаржы түскен. Бұл қаражаттан қаза болғандардың туыстары мен зардап шеккендерге материалдық көмек және жоғалған мүлік құны өтелді. Сонымен қатар қайырымдылық қоры үйді қайта қалпына келтіру жұмыстары мен модульдік қазандықтың құрылысына ақша бөлуді өз мойнына алды. Демеушілерден жиналған қаржыға баспанасыз қалған барлық тұрғындарға үй сатып алынды. Екі отбасы өз еркі бойынша пәтерлердің орнына ақшалай көмек алды.

Шахтинск әкімдігі ТЖ қорынан апаттық-құтқару жұмыстарына 1,4 млн. теңге жұмсалды.

Соңғы жаңалықтар