Шахмат пәнінен қай мұғалімдер жаттықтырушы бола алады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде бастауыш сыныптарда шахмат ойыны факультатив пән ретінде енгізілмек. Осы орайда, бар кадрлардың біліктілігін көтеру және жаңа мамандар даярлау мәселесі қарастырылып жатыр. Толығырақ Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Оқу-ағарту, ғылым және жоғарғы білім, мәдениет және спорт министрліктерімен бірлесіп, кадр, яғни жаттықтырушы және педагогтер даярлау мәселесін талқыладық. Алдымен, шахмат жаттықтырушыларының біліктілігін арттыру мәселесі тұр. Тағы бір айта кететін жайт, бастауыш және басқа да пәндер мұғалімдері арнайы курстан өтіп, шахмат жаттықтырушысы бола алады. Сонымен қатар, педагогикалық жоғары оқу орындарында шахмат пәні мұғалімдерін даярлау мәселесі қаралды. Шахмат методологиясы, оқу бағдарламасы және оқу-методикалық кешені бойынша жаңа кадрлар даярлау сөз болып отыр», - деді Дәрмен Сәдуақасов орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, спикер шахмат бойынша оқулық, жұмыс дәптері және методикалық әдістеме әзірлеу жоспарланып жатқанын тілге тиек етті.

«Бүгінде аталған бағыттағы жұмыс халықаралық сарапшылардың қатысуымен жүргізіліп жатыр. Шахматты бастауыш сыныптарда факультатив пән ретінде енгізуді белгілі бір өңірлерден бастаймыз. Жоба оң нәтиже берсе, оны енгізу аясын кеңейте түсеміз», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, шахмат 1-4 сынып оқушылары арасында факультатив пән ретінде енгізілмек.


Соңғы жаңалықтар
telegram