Шахматшы Бибісара Асаубаева туған еліне қалай қайта оралды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстандық жас шахматшы, Халықаралық шахмат федерациясының шебері Бибісара Асаубаева Қазақстанға қайта оралды. Бибісараның елге оралу себебі туралы анасы Лиана Таңжарықова Фейсбуктегі парақшасында жазды.

«Бибісара шахматтан Қазақстанда жетістікке жете алмай жүрді. Оның бірнеше себептері болатын. Мен оның әкесімен ажырасып кеткенмін. Алғаш алтын медальдан соң Бибісараның ағасы бізді үнемі аяқтан шала бастады. Оған қарсыласа алмадық, өйткені сол кезде ағасы беделді шенеунік болатын. Соның кесірінен бізді іс-шараларға шақырмайтын болды. Шахматқа қатысты көптеген шаралар Бибісарасыз өтіп жатты», - деп жазады Лиана Таңжарықова.

Осындай жағдайдан соң анасы қызын алып, Ресейге кетуге шешім қабылдаған. Оларды Мәскеу облыстық шахмат федерациясының президенті Сергей Нестеров шақырған.

«Бибісара Ресей қоржынына алғашқы алтын медальді салған соң, Қазақстандағы «ағамыз» кедергі келтіре алмайтын болды. Мен оңтайлы сәтті пайдаланып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жаздым. Бізді қабылдап, қайта оралуымызға рұқсат берілді. Ресейде бізге пәтер берілген. Оны жекешелендіріп алуға да болар еді. Ресейдің спорт формасын киіп, Спорт министрлігінен қаржыландыруға да қол жеткізуге болар еді. Бірақ оның бәріне төлқұжат ауыстырған соң қол жеткізетін едік. Біз төлқұжат ауыстырудан бас тарттық!», - дейді шахматшының анасы.

Оның айтуынша, Бибісараның келуіне Маңғыстау облысынан ұсыныс түскен. АҚШ-тан да шақырту келген.

«2018 жылдың қарашасында АҚШ-қа Гарри Каспаровтың сессиясына шақырды. Ол жақта спортшыларға жақсы жағдай жасалған. Оларда Американың кез-келген ЖОО-сы грант береді, жүріп-тұруы тегін болады. АҚШ-та өз төлқұжатыңды ауыстырмасаң да болады. Оларда ондай талап жоқ», - деді Лиана Таңжарықова.

Осының бәрін ойлана келе спортшының анасы әрі менеджері Қазақстанға келу туралы шешім қабылдаған.

«Сіздер патриот болып кетті деп ойлайсыздар ма? Иә, дәл солай. Патриотпыз! Біз өз елімізден басқа ешкімге керек емеспіз! Мен өмірден сабақ алып келе жатырмын! Мен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына алғыс айтамын! Ол спортшы балаларды назарынан тыс қалдырған емес. 2019 жылдың Жастар жылы деп жариялануы - Президенттің көрегендігін білдіреді. Бибісара енді өз елінің лайықты азаматы болуы үшін барын салады», - дейді анасы.

Сонымен қатар, Лиана Таңжарықова ҚР Президенті әкімшілігінің жетекшісі Әсет Исекешовке, белгілі бизнесмен Қайрат Боранбаевқа, Ғалымжан Есеновке, Арыстанбек Мұхамедиұлына алғысын білдірді.

«Барлығына қиын сәтте демеу болғаны үшін алғыс айтамын. Бибісараға бапкерге қарсы тұру оңай болған жоқ. Мен тек соттың біткенін күттім. Мен жеңіске жететінімізге сенімді болдым. Бапкердің бізге таққан айыптары жалған болатын. Сот әділ шешім шығарды. Адвокаттарымыз Александр Добровинскийге, Марина Дубровскаяға, Ирина Булкатоваға алғыс айтамын! Олар - нағыз өз ісінің мамандары! Енді Бибісара Асаубаева өз Отанының намысын бар ынтасымен қорғайтын болады», - деді ол.

Айта кету керек, 2017 жылдың күзінде Ресей Шахмат құрамасының бапкері Евгений Соложенкин Бибісара Асаубаеваны алаяқтық жасады деп айыптады. Оның айтуынша, Бибісара Уругвайдағы әлем чемпионаты кезінде электронды нұсқау берушіні пайдаланған деген уәж келтірді.

Ол кезде Бибісара 14 жасқа дейінгі қыздар арасында ойнайтын.

Кейінірек Мәскеу апелляциялық соты Асаубаеваның өз ар-ұятын қорғау туралы арызын қанағаттандырды.

Жас спортшы жақында Қазақстан құрамасына енді. Ол енді Астанада 4-15 наурыз аралығында өтетін әлем чемпионатында бақ сынайды.

Соңғы жаңалықтар