Шахматтан ӘЧ: Қазақстандық спортшылар 2 «алтын», 4 «күміс» жеңіп алды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Грузияның Батуми қаласында рапид және блиц шахматтан кадеттер мен жастар арасындағы әлем чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Спортты дамыту дирекциясынан мәлім еткендей, швейцариялық жүйе бойынша 11 раундтан тұратын бұл бəсекеге 35 елден келген 450-ден астам ойыншы қатысты.
6 күнге созылған турнирде Қазақстан құрамасының өрендері 2 алтын және 4 күміс медаль жеңіп алды.

Əуелі жас ойыншылар шахматттың рапид түрінен сынға түсті. Мұнда Аланна Берікқызы (10 жасқа дейін), Айару Алтынбек (U-12) пен Зарина Нұрғалиева (U-14) өз жас санатында 2-орыннан көрінді.
Кейін шахматшылар блицте шеберлік байқасты. Бұл ретте Батумиге барған ең жас отандасымыз Иман Нəбиев (8 жаста) күміс медаль жеңіп алды. Ол тек шотландиялық Луис Ченгке есе жіберді. Ал Айару Алтынбек (U-12) пен Зарина Нұрғалиева (U-14) қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанды. Жуырда ғана классикалық шахматтан 9 жасқа дейінгі ойыншылар арасында əлем чемпионы атанған Аланна Берікқызы бұл сында үздік бестікті түйіндеді.
