Шахматтан әлем чемпионаты: Синдаров пен Гукеш алғашқы партияда тең түсті

АСТАНА. KAZINFORM – Швейцарияның Женева қаласының маңындағы Мартин Бодмер қорының алаңында классикалық шахматтан 2026 жылғы әлем чемпионы атағы үшін матч басталды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Синдаров и Гукеш
Фото: FIDE

Тарихи додада қазіргі әлем чемпионы, Үндістанның 20 жастағы гроссмейстері Гукеш Доммараджу мен оның құрдасы, өзбекстандық Жавохир Синдаров бақ сынап жатыр.

24 қарашада өткен алғашқы партия 0,5:0,5 есебімен аяқталды.

Ақ тастармен ойнаған Синдаров испан партиясымен бастаса, Гукеш Берлин қорғанысын қолданды. Сегізінші жүрісте қарсыластар уәзірлерін алмастырып, әйгілі Берлин эндшпиліне көшті.

Синдаров 13-жүрісте жаңа тәсіл қолданғанымен, әлем чемпионы қателікке бой алдырмады. 3 сағат 37 минутқа созылған партия 38-жүрісте позицияның үш рет қайталануымен аяқталды.

Швейцариядағы бұл кездесу әлем чемпионатының 140 жылдық тарихындағы қатысушылары ең жас матч ретінде тарихқа енді. Жарыс басталған кезде екі гроссмейстер де 20 жаста болды.

Матч 14 классикалық партиядан тұрады. Жарыстың жүлде қоры – 2,5 млн АҚШ доллары.

Әлем чемпионы атану үшін шахматшылардың бірі 7,5 ұпай жинауы қажет. Негізгі кезең тең есеппен аяқталса, чемпионның есімі 12 желтоқсанда өтетін тай-брейкте анықталады.

Матчтың екінші партиясы 25 қарашада өтеді. Бұл жолы Гукеш Доммараджу ақ тастармен ойнайды.

Айта кетейік, 22 қарашада Женевадағы Ұлттар сарайында Қазақстанның БҰҰ бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігінің қолдауымен шахматтан әлем чемпионатының ресми ашылу салтанаты өткен болатын.