Шахматтан әлем чемпионы тұсау кесті: Дин Лижень қазақтың көне дәстүрін орындады
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада рапид пен блицтен командалық әлем чемпонаты өтіп жатыр. Іс-шара аясында танымал қытай шахматшысы, әлемнің 17-дүркін чемпионы Дин Лижень жақында 1 жасқа толатын Шыңғыс есімді сәбидің тұсауын кесті.
«Ұлымыздың тәй-тәй басқан алғашқы қадамы бүгінде Астанада әлемнің шахмат жұлдыздарының басын қосқан айтулы чемпионатмен тұспа-тұс келіп, отбасымыздың жолы болды десем артық айтқаным емес. Сабырлығымен, тәрбиелігімен және үлкен талантымен талайды тәнті еткен Дин Лиженьнің қазақ халқы үшін қастерлі рәсімді жүзеге асыруы біз үшін үлкен мәртебе. Шыңғысымыздың жолы ашық болып, даңқты чемпион, елінің адал азаматы болсын», - деді сәбидің әкесі Асылхан Қараев.
Асылхан Қараев – шахматшы әрі ФИДЕ төрешісі. Ол ұлының ізін басып, жолын қумаса да шахмат ойынындағы дағдысы өмірінде сыни ойлауына, дұрыс қадам жасауына септігін тигізеріне нық сенімді.
31 жастағы Дин Лижень тұсаукесер рәсімін өткізгеннен кейін сәбиге ақ батасын берді.
«Бүгін үлкен құрметке ие болып, нышандық мәні бар рәсімді орындадым. Бұл менің алғашқы мұндай рәсімге қатысуым. Сәби қандай жолды таңдаса да оның өмірі жарқын, алар асуы биік болсын», - деді чемпион.
Сәбидің тұсауын кескен шахматшы баланың анасымен бірге ақ кілемше үстімен алып жүрді. Кілемшінің аяқталар тұсына келгенде сәби алдына қойылған түрі заттардың ішінен шахмат ферзісін таңдап алды. Осыдан кейін қазақтың дәстүрі бойынша сәбидің ата-анасы балаларының тұсауын кескен азаматқа сыйлық тарту етті.