Шахматтан Азия чемпионаты: Медальдардың барлық топтамасын қазақстандықтар иеленді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық шахматшылар сеньорлар арасындағы Азия чемпионатында рапидтен үздік үш орынның барлығын жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстанның Шахмат федерациясына сілтеме жасап.

Шахматтан Азия чемпионаты: Медальдардың барлық топтамасын қазақстандықтар иеленді

«Турнирдің алғашқы күнінен қазақстандықтар үздік нәтиже көрсетті. Бірақ бұл тек рапид қана, ал классикалық шахматтың нағыз тартыстары әлі алда», - дейді чемпионаттың бас төрешісі Олег Ринас. 50 жастан үлкендер арасында Серікбай Темірбаев алтын медаль алды, Олег Головчук - екінші, Валерий Мин үшінші орынды иеленді.

65 жастан асқандар арасында Төлеген Нукин - алтын, Марат Пірімбетов - күміс, Ханиф Құсайынов қола жүлдегер атанды.

Әйелдер арасында павлодарлық Елена Анкудинова 50-ден асқандар арасында алдына жан салмады, екінші орынды жаңа зеландиялық Хелен Миллиган иеленді. 65-тен асқан әйелдер арасында алтын медаль Надежда Искичековаға бұйырды.

«Бүгін классиканың бірінші туры басталады. Онда спортшылардан ерекше зейін мен төзім талап етіледі», - дейді ҚШФ атқарушы директоры Ирина Грищенко.

Жалпы, Азия чемпионатына 16 елдің 70 шахматшысы қатысуда. Дода 18 қыркүйекке дейін жалғасады.