Шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасы шахмат олимпиадасында Франция құрамасынан басым түсті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасы шахмат олимпиадасында Франция құрамасынан басым түсті.
Қазақстандық квартет Гүлісхан Нахбаева, Динара Сәдуақасова, Мәдина Дәулетбаева мен Гүлмира Дәулетовалар әлдеқайда даңқты француз қарсыластарын 3:1 есебімен жеңіп кетті. Бұл - қазақстандық команданың жетінші жеңісі. Осы жетістіктің арқасында ұлттық құрама рейтингте бес сатыға көтеріліп, 9-орынға жайғасты. Бұл тізімде тоғыз рет жеңіске жеткен Ресей командасы көш бастап тұр.
Қазақстанның ерлер құрамасы болса, бұл олимпиадада лайықты өнер көрсете алмай жүр. Әнуар Исмағамбетов, Павел Коцур, Рустам Хуснутдинов, Петр Костенко Испания құрамасына 1:3 есебімен жол берді. Осыдан соң қазақстандық команда 49-сатыға түсіп кетті.