Шахмат Олимпиада ойындарына енуі мүмкін бе? Тимур Турлов жоспарын айтты
АСТАНА. KAZINFORM — FIDE президенті әрі Қазақстан шахмат федерациясының басшысы Тимур Турлов елімізде шахматты дамыту, жас спортшыларды даярлау және ойынды көпшілікке қызық ете түсу жоспары жөнінде айтты. Бұл туралы ол Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында мәлімдеді.
Тимур Турлов шахматтың кәсіби спортты дамытумен қатар, күнделікті өмірде де қажет дағдыларды қалыптастыратынын айтты. Атап айтқанда, шахмат адамның зейінін шоғырландыруға, стратегиялық ойлауына және шешімдерінің салдарын бағалай білуіне көмектеседі.
— Бұл ойын адамның қалай ойлайтынын, қай кезде дұрыс, қай кезде бұрыс шешім қабылдайтынын жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді. Өмірдегі шешімдер де көбіне шахматтағыға ұқсайды. Қатты шаршағанда, ауырғанда немесе ауыр күйзелісте жүргенде адам жиі қате шешім қабылдайды. Оның үстіне, кейде сол шешімінің қаншалықты қате екенін өзі де толық түсінбейді, — деді ол.
Турлов шахмат адамның өз әрекетінің салдарын алдын ала есептеп, күрделі жағдайда сабыр сақтауды үйрететінін айтты.
— Шахматта да, өмірде де бірнеше қадам алға жоспарлай білу өте маңызды. Тек өз жүрістеріңді есептеп қоймай, жағдай жақсы болғанда не істейтініңді, қиындық туындаса қалай әрекет ететініңді де ойластыру керек. Егер жоспарың болса, ісіңді әлдеқайда дұрыс әрі тиімді атқарасың, — деді ол.
FIDE басшысы шахматтың балалар үшін де пайдалы екенін атап өтті. Оның айтуынша, ақпараттың шамадан тыс көптігі мен қысқа бейнероликтердің кең таралуы балалардың назарын бір нәрсеге ұзақ уақыт шоғырландыруын қиындатып отыр. Ал шахмат ойынға терең бойлап, түрлі жағдайды өз бетінше талдауға мүмкіндік береді.
— Бұл — оқиғаны немесе жылдам дофамин беретін ойынды жай ғана сырттай тұтыну емес. Шахматқа қалағаныңша терең бойлай аласың. Бұл — бес жасында фигуралардың қалай жүретінін енді үйреніп жүрген бала да, гроссмейстер де қызығып ойнай алатын ғажап ойын. Екеуі бір ережемен ойнағанымен, мүлде бөлек деңгейде ойнайды. Әрқайсысы өзіне тән қызық пен тереңдікті табады, — деп түсіндірді Турлов.
Қазақстан шахматтан әлемнің үздік он елінің қатарына қосылуды көздейді
Қазақстандағы шахматтың дамуы туралы айтқан Тимур Турлов елімізде бұл спорт түрін одан әрі өркендетуге қажетті жағдай бар екенін жеткізді. Оның ішінде шахматтың тарихи дәстүрі, балалардың көптігі, клубтар желісінің дамуы және мемлекеттік қолдау бар.
Оның айтуынша, кейінгі үш жылда елде 2,5 мыңға жуық шахмат мектебі жұмысын бастаған. Федерация өңірлердегі инфрақұрылымды дамытуға, турнирлер ұйымдастыруға және болашағынан үміт күттіретін спортшылардың жаттығуы мен жарыстарға қатысу шығынын өтеуге көмектесіп келеді.
Тимур Турлов жас шахматшылардың алғашқы жеңістерінен кейін де қолдауды қажет ететінін атап өтті. Кәсіби деңгейге көтерілу үшін оларға білікті жаттықтырушылармен жұмыс істеу және турнирлерге тұрақты қатысу маңызды. Алайда мұның бәрі қомақты қаржыны талап етеді.
— Біз балалар клубтарға келіп, алғашқы жетістіктерге жете бастағаннан кейінгі кезеңдегі олқылықтың орнын толтыруға кірістік. Олар кішкентай кезінде чемпион атанған соң, кәсіби жаттықтырушылармен жұмыс істеп, турнирлерге баруы керек. Бұл қымбатқа түседі: жылына ондаған мың, кейде жүздеген мың доллар қажет. Біз ондаған баланы қолдап, олардың ел ішінде және шетелде өтетін турнирлерге бару, жарыстарға қатысу шығындарын төлейміз, — деді ол.
Турлов ұлттық құрамалардың жетістіктеріне де тоқталды. Оның айтуынша, Самарқандта өткен шахмат олимпиадасында Қазақстанның әйелдер құрамасы орташа жас көрсеткіші бойынша ең жас команда болды. Федерация басшысы алдағы жылдары қазақстандық шахматшылардың нәтижесі жақсара түсетініне сенім білдірді.
— Алдағы төрт жылда Қазақстан шахматтан әлемнің үздік жүз елінің қатарына ғана емес, үздік ондыққа да қосылады деп күмәнданбаймын, — деді федерация басшысы.
Қазақстанда шахматты көпшілікке қолжетімді ету жолдары
Тимур Турловтың айтуынша, Қазақстанда шахматты дамытуға мемлекеттік қолдау да, жеке инвестициялар да ықпал етіп отыр. Атап айтқанда, шахмат мектеп бағдарламасына таңдау пәні ретінде енгізіліп, осы бағытта мұғалімдер даярлау жұмысы жоғары оқу орындарында қолға алынған.
— Шахматқа бөлінетін қаражаттың басым бөлігі, әрине, жеке қаржыдан түседі. Дегенмен Үкімет ұйымдастыру жағынан едәуір қолдау көрсетіп отыр. Әкімдіктер де көмектеседі. Шахматты мектептерде таңдау пәні ретінде енгізуге мүмкіндік алдық. Мектепте мұндай сабақ қарастырылуы керек, әрі оған сұраныс бар, — деді ол.
Турлов Қазақстанда шахмат пәнінен сабақ беретін мұғалімнің қосымша мамандануын меңгеру мүмкіндігі пайда болғанын айтты. Атап айтқанда, Алматыдағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде осы бағыттағы даярлық қолға алынған.
Оның пікірінше, шахмат кәсіби спортты дамытумен қатар, балалардың жалпы ойлау қабілетін жетілдіру үшін де маңызды. Өзі сілтеме жасаған зерттеулер шахматпен айналысу оқудағы үлгерімге және басқа пәндерді меңгеруге оң әсер етуі мүмкін екенін көрсетеді.
— Шахматтың балаларға көмектесетінін растайтын ғылыми зерттеулер бар. Ол математика сияқты маңызды. Инженер болуды жоспарламасаң да, шахмат мидың жұмысын тиімді дамытады. Балалардың басқа пәндерді жақсы меңгеруіне көмектесіп, жалпы оқу үлгерімін жақсарта алады. Шахматпен айналысқан балалардың кейін басқа білімді де жақсы игеретіні туралы дәлелдер бар, — деп атап өтті Тимур Турлов.
Ауылдық жерлердегі талантты шахматшыларды анықтау мүмкіндігі туралы сұраққа жауап берген Турлов ойынға қолжетімділік бүкіл ел бойынша біртіндеп кеңейіп келе жатқанын айтты.
— Қазақстан шахмат федерациясының барлық облыста филиалдары мен өңірлік федерациялары бар. Ел бойынша 20-дан астам филиал ашылған. Әр тоқсан сайын мыңдаған рейтингтік турнир өткізіледі. Оның бәрі ірі қалаларда ғана ұйымдастырылмайды, — деді ол.
Федерация басшысының сөзінше, өңірлік бөлімшелер жарыстар мен іріктеу турнирлерін тұрақты өткізіп, ойыншылардың нәтижелерін бақылап отырады. Бұл болашағынан үміт күттіретін шахматшыларды тұрғылықты жеріне қарамастан анықтауға мүмкіндік береді.
FIDE шахматты көрерменге қызығырақ етеді
FIDE президенті ретіндегі басты мақсаттарын атаған Тимур Турлов екі міндетке басымдық беретінін айтты. Біріншісі — шахматты тұрақты қаржыландыру жүйесін қалыптастыру, екіншісі — оны Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізу.
Оның пікірінше, заманауи технологиялар, соның ішінде жасанды интеллект көрермендердің шахматқа деген қызығушылығын арттырып, жаңа коммерциялық мүмкіндіктерге жол аша алады. Бұл технологиялар гроссмейстерлердің ойлау жүйесін түсінуге және партия барысында қабылданған шешімдердің қисынын көруге көмектеседі.
— Шахматты қалың көрермен үшін бұрын-соңды болмаған деңгейде тартымды ететін тамаша өнімдер жасай аламыз деп сенемін, — деді Турлов.
Ол шахматты әлем бойынша жүздеген миллион адам ойнайтынын, алайда жарыстардың көрсетілімін тамашалайтын көрермен саны ойыншылар санынан едәуір аз екенін атап өтті.
— Біздің міндетіміз — шахматты, мысалы, «Формула-1» секілді беделді әрі қызықты ортаға айналдырып, оның мәртебесін ең жоғары деңгейге көтеру, — деп түйіндеді ол.
Қазақстанда шахмат олимпиадасын өткізу көзделіп отыр
Тимур Турлов Қазақстан ірі халықаралық шахмат жарыстарын, соның ішінде шахмат олимпиадасын өткізуге ұмтылып отырғанын айтты. Оның пікірінше, елімізде мұндай деңгейдегі жарысты ұйымдастыруға қажетті алғышарттар бар. Федерация келесі шахмат олимпиадасы Қазақстанда өтсе, ұлттық құрамалар жоғары нәтиже көрсетіп, ерлер мен әйелдер арасындағы жарыстарда жүлдеге таласады деп үміттенеді.
— Қазір Қазақстанда ірі жарыстар мен шахмат олимпиадасын өткізу үшін күресіп жатырмыз. Елімізде оған дайындалуға барлық алғышарт бар деп ойлаймын. Келесі олимпиада бізде өтсе, лайықты нәтиже көрсетуге мүмкіндік болады. Әйелдер шахматынан алтын медаль алу, меніңше, біздің қолымыздан келеді. Ерлер арасында да жүлде алғымыз келеді, — деді Турлов.
Ол Қазақстан құрамасының жас екенін, ал спортшылар жыл өткен сайын тәжірибе жинап, шеберлігін арттырып келе жатқанын айтты.
— Қазір олимпиададағы құрамамыз өте жас. Олар жыл сайын шеберлігін шыңдап, көбірек ашыла түседі. Елімізде жыл сайын бірнеше гроссмейстер пайда болып, олардың рейтингтері өсіп келеді. Қазір бәрі де шарықтау кезеңіне жетіп келеді, — деді федерация басшысы.
Тимур Турлов халықаралық деңгейдегі басты мақсаттарының бірі — шахматты тұрақты қаржыландыруға қол жеткізу және оны Олимпиада бағдарламасына енгізу екенін тағы да атап өтті.
— Менің ойымша, негізгі міндетім — шахматқа тұрақты қаржы тарту және оның Олимпиада бағдарламасына енуіне қол жеткізу. Бұл — біздің ең үлкен мақсатымыз шығар. Бірақ оған жетуге болады. Қазір Олимпиада комитеті киберспорт пен ақыл-ой ойындарын белсенді зерттеп жатыр. Әрине, шахмат сол қатарда бірінші болуы керек, — деді ол.
Тимур Турлов кіммен шахмат ойнағысы келеді?
FIDE президенті әрі Қазақстан шахмат федерациясының басшысы тарихтағы кез келген адаммен шахмат ойнау мүмкіндігі болса, өз әкесін таңдар еді.
Турловтың айтуынша, әкесі шахматшы болмаған. Өзі де оны айтарлықтай ойнай алмайды.
— Әкеммен шахмат ойнау маған қызық болар еді. Ол шахматшы емес еді. Өкінішке қарай, мен оны анау айтқандай ойнай алмаймын. Мен үш-төрт жаста болғанда, ол хабар-ошарсыз кетті, — деді Турлов.
Ол шахмат партиясы қарсыласын жақсырақ түсінуге көмектесе ме, жоқ па — нақты білмейтінін айтты. Дегенмен әкесімен ойнау мүмкіндігі оған қызық болар еді.
Турлов өзін кәсіби шахматшы санамайтынын да жеткізді. Оның айтуынша, ол — жақсы ұйымдастырушы, кәсіпкер әрі басшы, бірақ кәсіби шахматшы емес.
— Мен жақсы ұйымдастырушымын, кәсіпкер әрі басшымын. Бірақ кәсіби шахматшы емеспін, — деп түсіндірді ол.
Турлов үшін шахмат ең алдымен отбасымен уақыт өткізудің бір жолы. Ол балаларымен жиі шахмат ойнайтынын, ал бірлескен партиялар кезінде әңгімелесіп, түрлі тақырыпты талқылауға мүмкіндік болатынын айтты.
Еске салайық, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Қазақстан шахмат федерациясының алдына бірқатар міндет қойған еді. Атап айтқанда, ұлттық құрамаларды даярлауды күшейту, жас таланттарды анықтау мен тәрбиелеудің тиімді жүйесін құру, шахматты білім беру жүйесінде дамыту және өңірлердегі шахмат инфрақұрылымын жетілдіру қажеттігін атап өткен.