Шахмұрат Мүтәліп: қазақстандық боксшылар IBA турнирлеріне қатысады
АСТАНА.KAZINFORM — Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп қазақстандық боксшылардың Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) өткізетін турнирлерге қатысуы туралы пікір білдірді.

Шахмұрат Мүтәліп ең әуелі Қазақстан бокс федерациясы былтыр Дүниежүзілік бокс ұйымына (World Boxing) мұше болғанын еске салды.
— Өздеріңізге мәлім, World Boxing ұйымы қазіргі уақытта Халқаралық олимпиада комитеті тарапынан мақұлданған ұйым болып табылады. Ал біз былтырдан бастап осы ұйымның мүшесі болдық. Сол себепті, біз өзіміздің барлық іс-әрекетімізді осы ұйыммен талқылап, олардың келісімі бойынша жұмыс атқарамыз, — деді ҚБФ президенті.
Оның айтуынша, World Boxing ұйымы қазақстандық боксшылардың IBA турнирлеріне қатысуына қарсы емес.
— Бүгінгі таңда, ұйым біздің спортшылардың IBA турнирлеріне қатысуына қарсы емес. Болашақта ол жағы қалай болары әлі белгісіз. World Boxing ұйымы жаңа құрылғандықтан, турнирлік кестелер және жарыстар енді бекітіліп жатыр. Мысалы, биылғы жылы турнирлер саны айтарлықтай көбейіп, әлем кубогы және әлем чемпионаты ұйымдастырылып жатыр. Менің ойымша, қазақстандық спортшылар тәжірибе алмастыру мақсатында IBA турнирлеріне қатысуында ештеме тұрған жоқ, — дейді Шахмұрат Мүтәліп.
ҚБФ президенті қазіргі уақытта қазақстандық боксшылардың Шри-Ланка астанасы Коломбо қаласында өтіп жатқан 22 жасқа дейінгілер арасында Азия чемпионатында өнер көрсетіп жатқанын айтты.
— Біз IBA ұйымдастырып жатқан жарыстарға қатысып жатырмыз. Мысалға, Шри-Ланкада 22 жасқа дейінгілер арасында Азия чемпионатына еліміздің резерв құрамасы қатысып жатыр. Осындай халқаралық турнирлер біздің спортшылардың тәжірибе алмасуына септігін тигізеді, — деді Шахмұрат Мүтәліп.
Еске сала кетейік, бүгін елордадағы «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде ҚР бокс федерациясының жылдық конференциясы өтті.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, бокстан Әлем кубогы 30 маусым — 6 шілде аралығында Астана қаласында өтеді.