«Шахнама» дастаны мұсылмандар күнтізбесінің мазмұнына айналмақ
АСТАНА. 18 желтоқсан. ҚазАқпарат - Әлемдегі ең әйгілі Ислам мұражайлардың бірі саналатын Бейт әл-Құран («Құран үйі») асыл дініміздің миниатюра өнеріне арналған күнтізбе шығарды. Ал, күнтізбенің мазмұнына әлем әдебиетінің жауһары - «Шахнама» дастаны арқау болған екен. Безендірілген қолжазба мұражайдың іргетасын қалаған доктор Әбділәтіп Жасимма Канудың коллекциясында сақтаулы тұр. Бұл туралы muslim.kz сайты жазады.
Құны 3 динарлық аталмыш күнтізбені сатудан түскен қаржы мұражайдың керек-жарағына, өнерге туындыларын сатып алуға, дәріс жүргізуге және баспа қызметіне жұмсалатын көрінеді. «Құран үйі» Бахрейн, Парсы шығанағы тұрғындарының және өнерге бей-жай қарамайтын әлем жұртшылығының садақасынан 1990 жылы құрылған болатын. Мұражай директоры Самар әл-Ғайлани күнтізбе макеті биыл жасалғанын және оны доктор Канудың өзі өңдегенін жеткізеді. Сондай-ақ, ислам миниатюрасына қатысты өнер түрі Х ғасырда Бағдат шаһарында пайда болып, Мосулде дамығанын тілге тиек етті. Уақыт өте келе ол мұсылман елдеріне кеңінен тарап, Иранда, Түркияда және Үндістанда мектептері ашылғанын айта кету керек. Ал Фирдоусидің қаламынан туған «Шахнаманың» иллюстрациясы да осынау өнер түрінің шарықтай дамыған дәуіріне тұспа-тұс келеді.